Қазақстанның Бас мүфтиі (2017—2020) From Wikipedia, the free encyclopedia
Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ораз (1975 жылы туған) — исламтанушы, діни қайраткер. 2017-2020 жж. аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас (мүфти) болған. Бұл лауазымға ол 2017 жылы 8 желтоқсанда Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында сайланған болатын.[1] Бас мүфтилік қызметтен ол 2020 жылы 7 ақпанда Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс IX құрылтайында өз еркімен кетті.[2]
Сіргелі тайпасының Батыр-Жайдақ руынан шыққан.[3]
Діни саладағы жұмысы Алматы Орталық мешітінің наиб имамы қызметінен басталған. Ислам институтының ұстазы, ректоры, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы, Алматы қаласы әкімшілігінің діни істер бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Іс басқармасында дирекция директоры қызметін атқарды.
«Өзгеруді өзіңнен баста».
«Жауапкершілік пен тиянақтылық – сапалы қызмет кепілі».
Отбасылы. 7 баланың әкесі.
Ислам мекен мен уақытқа тәуелді емес. Дейтұрғанмен, әр халықтың ұзын-сонар тарихы, өзіне тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – Алланың хикметі. Біз не үшін дәстүрлі Ислам деген терминді қолдануға мәжбүр болдық? Исламды дәстүрлі, дәстүрлі емес деп бөлу қандай қажеттіліктен туды? Дінді ұстанудың жолы осы екен деп, қалай еліктесек те, бәрібір араб бола алмаймыз. Түбіміз түрік дегенмен, салтымыз бен санамыз басқа. Пәкістанның, ауғанның киімін кисек те, пуштун болу қолымыздан келмейді. Өйткені, біздің сан ғасырлық сара жолымыз бар. Біз дала заңына бағынған халықпыз. Менталитетімізге мейлінше жақын дәстүрлі дініміз Исламнан қуат алған ұлтпыз. Көпшілік қауым қош көрген ұғымдар мен әдеттердің жиынтығын дәстүр дейміз. «Дәстүрлі Ислам» деп мұсылман үмбетінің басым көпшілігі, соның ішінде әйгілі ғалымдардың ұстанып келген, сонау ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың ﷺ дәуірінен бүгінгі күнге дейін үзілмей жалғасып жатқан діни жолды айтамыз. Намазды айтпағанда, жайнамаз, тәспінің өзін қастерлеген кешегі батагөй ақсақалдарымыздың, ақ жаулықты аналарымыздың жолы. Қажылыққа барған кісі қасиетті Меккеден «тәбәрік» әкелсе, балаша қуанатын, қонағын құрметтеп, ұрпақ үшін ұдайы дұға қылатын ата-бабалардан қалған сара жол – дәстүрлі Ислам неге бүгін кәдемізге «жарамай» қалуы тиіс?! «Таза Исламды» ұранға айналдыру кім үшін керек?! Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі Исламды насихаттайды және бірлігімізді нығайта түсу үшін мұсылман жамағатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Төл мәзһабымызға Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да айрықша мәртебе берілген. Кейде кейбір ел ағаларының аузынан: «Халықты бір мәзһабты ұстануға үндеу – қалған мәзһабтың құқығын шектеу емес пе?» – деген уәжді естіп қаламыз. Әбу Ханифа мәзһабы – Орта Азия мен Қазақстанды мекен еткен мұсылмандардың ұстанған жолы. Әбу Ханифа мәзһабы дала халқының болмысына, табиғатына жақын болды. Имам Ағзам – мәзһаб негізін қалаған ғұламалардың ұстазы болған. Либералды жолды таңдауымыздың тағы бір сыры – мәзһабымыздың жергілікті салт-дәстүрімізге құрметпен қарауында. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет...» деп бұйырған. Шариғатқа қайшы келмеген ғұрып әрқашан, әр дәуірде құпталып отырған. Біздің бабаларымыз Ислам дінін осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын жүрек қалауымен қабылдады. Содан бері исламдық дәстүрлі діни мектеп, орта жол қалыптасты. Қазақ топырағында бұрын-соңды діни алауыздық, келіспеушілік, түсінбеушілік болған емес. Ал қазіргі қоғамда, әсіресе жастар арасында пайда болған түрлі діни көзқарастар о бастағы бағытынан, тамырынан, алтын қазығынан алшақтай бастағанының айғағы деп айтар едік. [4]
Дін мен дәстүр – қос қанатымыз. Бұл екеуі бірінсіз бірі жүре алмайтын өте жақын ұғымдар. Алла өз пенделерін ұлттарға, ұлыстарға бөліп жаратқан. Қаласа, бүкіл адамдарды бір ғана ұлт етіп жаратар еді. Ұлтты өзгелерден ерекшелеп тұратын басты құндылығы, ол – дәстүрі. Өзіндік дәстүрі, мәдениеті жоқ ұлт болмайды. Араб, парсы, түрік, ағылшын болсын, өзбек, қырғыз, қазақ болсын, бәрінде де бірінен бірін ерекшелендіріп тұратын дәстүрлері болады. Ол әр ұлттың ішер асынан, киген киімінен, қонақ күтуінен, мереке тойлауынан, бала тәрбиесінен, үйленіп, шаңырақ көтеруінен көрінеді. Ал біздің діни құндылықтарымыз дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен. Тіпті, мұсылмандық мінездер дәстүріміз арқылы бойымызға дарып, қанымызға сіңіп кеткен десек те артық болмас еді. Мысалы, қазақта үлкен тұрғанда кіші сөйлемейді. Отбасында ең қадірлі адамдар – ата-ана. Өзі жемеген тәттіні қазақ қонағына сақтап отырады. Осы секілді дәстүрлеріміз өте көп. Дәстүр – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құндылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген нәрсе. Мәселен, үлкеннің сөзін тыңдау, ата-ананың айтқанын екі етпеу, молдаға құрмет көрсетіп, оның уағызына амал ету – біздің дәстүрімізде бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Ол ешкімге жаңалық емес. Сондықтан біз әдет-ғұрпымыздың осындай игілігін көбірек пайдалануымыз керек. Біздің талдауымыз бойынша, расымен де, жат ағымда жүргендердің басым бөлігі өз дәстүрін қадірлемейді. Олар қазақы таным-түсініктен алшақтай бастағандар. Олар үшін Отанның, жердің, тілдің, дәстүрдің, т.б. қадірі жоқ. Ал дін мен дәстүр жобасы теріс діни көзқарасты түзетуге ықпал етеді. «Мен – қазақпын, Қазақстан мемлекетін құраушы негізгі ұлт – қазақ» деп түсінген адамның патриоттық әрі жауапкершілік сезімі оянады. Дін мен дәстүр – жікке бөлінген жамағатты ортақ мүддеге жұмылдыратын жол. Біз оны діни тәжірибедегі жұмысымыздан айқын аңғардық. Осы бағытта мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама қабылданып, дін мен дәстүрді насихаттайтын біртұтас идеологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс деп санаймыз. Халқымыздың түсінігінде «ұят болады» деген үлкен ұғым бар. Ата-әжелеріміз, ата-анамыз кішкентайымыздан бастап санамызға «ұят болады» деген ұғымды сіңіріп өсірді. Міне, дәстүр дегеніміз осы. Сол «ұят боладының» арқасында қаншама арсыз әдеттен сақтандық. Өзінен, адамдардан, Алладан ұялатын кісі жамандыққа әсте жол бермейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2014-2015 жылдарды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Жыл басында «Дін мен дәстүр» кітабын шығардық. 2017 жылы екінші нұсқасы оқырмандарымыздың қолына тиді. ҚМДБ-ның «Хикмет» телерадиостудиясы «Дін мен дәстүрдің» аудио нұсқасын әзірлеп шығарды. Осының бәрі халық өзінің діні мен дәстүрінен ажырап қалмаса екен деген игі тілектен туып жатқан дүниелер.
Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Ұлтпен қатар өмір сүріп келе жатқан дініміз, өміршең діліміз, тамыры терең тарихымыз бар. 2016 жылы біз Орталық Азия ғұламаларының форумын өткіздік. Бұл – Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған тұңғыш тарихи шара десек, артық айтқанымыз емес. Тәжікстанның, Қырғызстанның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысқан халықаралық форумда Қарар қабылдап, Үндеу жарияладық. Өйткені, біздің тағдырымыз, тамырымыз, тарихымыз бір. Ғалымдар Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болды. Иә, діни мектеп – кешенді жүйе. Біздің мақсатымыз – бүгінгі мұсылман жамағатын ортағасырлық дәуірдің діни, рухани мұрасымен терең таныстырып, сабақ алып, бүгінгі жағдайымызбен сабақтастырып, Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет ету. Игі идеяның дамуына үлес қосатын қабілетті, байсалды, заманның өзі талап етіп отырған бәсекеге төтеп беретін, жылт еткен ағымға алданып, соңынан ере бермейтін зиялы ортаны қалыптастыруды, жастарды осыған тәрбиелеуді көздейміз. Астанада өткен тұңғыш имамдар форумында қабылдаған «Бүгінгі мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тарихи құжатымыз да осынау мақсатты бағдар еткен. Жуырда Елордада басқосқан ҚМДБ-ның жұмысын жетілдіру бойынша Сарапшылар Кеңесінің мүшелері де Орталық Азия исламдық дәстүрлі мектебін қайта қалыптастыру қажеттігін талқылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алатыны айтылды. Шариғат негізі (фиқһ), Ислам этикасы (ахлақ), негізгі діни ұстанымдар, Ислам негіздері туралы мол мұра қалдырған ханафи мектебінің белді өкілдерінің тізбегі мен олардың еңбектерін қайта зерттеу жұмысын бастап кеттік. Қазақ мұсылмандығы туралы сөз еткенде, Түркістан, Сайрам, Самарқан, Бұқара, сонымен қатар алғашқы қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ сынды ортағасырлық қалаларды, рухани, діни ордаларды мақтанышпен мысал етеміз. Исламның тамыры жайылған Мәуренаһрда жергілікті дін ғұламалары діни шешімдер мен қаулылар шығарып отырды. Аталған ортағасырлық ғалымдардың шежірелік тізбегі мен олардың еңбектерін қазақ даласынан шыққан ағартушы-ғалымдарымыз, ойшылдарымыз – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің рухани мұраларымен ұштастырып, сабақтастырып, халқымызға жеткізуде ғалымдарымыз, дін қызметкерлері белсенділік танытып келеді. Қазақ мұсылмандығының қалыптасқан рөлін арттыру мәселесі басты назарымызда. Бұл идеяны жүзеге асыруға біздің қабілетіміз де қауқарымыз да жетеді. Орталық Азия дәстүрлі мектебі – сыртқы діни ықпалға төтеп беретін тегеурінді күш, қазақ мұсылмандығының ұстыны, халықты бірлікке бастайтын берік жол, рухани тірек. Күн санап көрініс тапқан діни ағымдар осы рухани тірегімізге тіреліп, кері құлап, әлсіреп қала бермек. Бұл – діни дүрдараздыққа ырық бермейтін бабалар жолы.
Біз «әһлі сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен өсиетті сөзінде пайғамбарымыз: «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп, көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той», – деп, ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген. Мұсылманшылық – адам қаласа істейтін, нәпсіге ауыр келсе, тастай салатын саудагердің заты емес. Мұсылман деген атына жараса дін әмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындауы шарт. Хазіреті Омар (р.а.) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің ﷺ: «...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Әлбетте шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың төрін қаласа, жамағаттан ажырамасын...», – деген сөзін мінберде тұрып қадап айтқан.
Жастарымыз көпшіл, мемлекетшіл, ұйымшыл, қоғамшыл болса, жақсы отбасы құрса дейміз. Олар әсіре діншіл болмаса екен. Біз жастардың қоғамнан бөлініп қалмауын барынша қадағалауымыз қажет. Уағыздарымызда осы қоғамда өмір сүргеннен кейін халықтың бүгінгі жағдайымен, салт-дәстүрімен санасу қажеттігін айтамыз. Иә, дінге білімсіз келген жастарға көркем насихат керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жат ағымның жетегіне кеткен жастарға қатысты ұстанымы осындай. Кінә тағып, қоғамнан бөліп тастаған оңай шаруа, әрине. Ол біздің баламыз, бірімізге іні, бірімізге бауыр емес пе? Қамқорлық қажет-ақ. Қоғамнан жылу сезінген бала бүгін адасса, ертең қайта айналып, қазығын табады. Дәстүрлі емес Ислам дегеннен шығады, Қостанайда өкіл имам қызметін атқарып жүргенімде, имамға бағына бермейтін бір азамат болды. Енді не істеу керек? Ұрысу, күшпен бағындыру, талап ету – біздің ұстанатын жол емес. Дін – нәзік дүние. Адам дінге жүрек қалауымен келеді. Сонымен, имамдар әлгі жігітті дәстүрлі дінге қанағаттандыру жолдарын қарастырды. Тек сөзбен емес, амалмен. Қайғысы мен қуанышына ортақтасты, қолдан келгенше отбасына көмектесті. Күндердің күнінде бала-шағасы имамдарды жақсы көре бастады. Діни сенімде көзқарасы қатайып кеткен жігіттің үйіне барған сайын азық-түлік, балаларына киім-кешек үлестірді. Кәмпит беріп, көңілдерін аулады. Балалары имамды көрсе: «О-о-о, дядя имам келе жатыр», – деп қуанатын болды. Бәріміз ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Адам әсерленбей тұрмайды. Сонымен шынайы ниет пен жүйелі амалдың арқасында қатайған жүрек жібіді. Жігіт қатарымызға қосылып, қазір көзқарасы дұрыс, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Ислам – кешірім діні. Даналық, кешірім жолын ұстансақ, ағым деген ағып өте шығатын дүние. Олардың жүрегіне жол таба білсек, түбі ортамызға оралатынына сенемін.
Қажылық – мұсылмандардың қаржымен, дене қуатымен жасалатын ерекше бір құлшылық түрі. Жағдайы жеткен мұсылман өмірінде бір рет қажылық жасаса, парызын орындаған болады. Бір емес, бірнеше рет бару – әр адамның өз еркі. Қасиетті Қағба, Мекке мен Мәдина қалалары мұсылманды өзіне әрдайым құштар етіп тұрады. Қажылық – туристік немесе атақ-абыройға кенелу сапары емес. Қажылыққа сән үшін, «қажеке» деген атақ үшін бару дұрыс емес. Ол Алла мен пенде арасында болатын айрықша бір құлшылық. Қажылыққа қатысты тағы бір мәселе: қасиетті жерге барып келген кейбір бауырларымыз білместікпен баяғы әдетіне салып, Аллаға ұнамсыз әрекеттерге бой алдырып жатады. Халық арасында олардың шариғатқа қайшы амалдары туралы әңгімелер айтылып қалуда. Бұл нені көрсетеді? Қажы болып келу Алла алдында ғана емес, халық алдында да жауапкершілігі жоғары құлшылық. Мұсылмандар қажы атағына лайық өмір сүрмесе, қажылық деген ұлық құлшылықтың қадірі мен қасиеті қаша бастайды.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.