Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Заң Ғылымы, құқықтану, заң ілімі, заңтану – құқықты әлеуметтік нормалардың ерекше жүйесі ретінде зерделейтін және құқықты қолдану қызметінің алуан түрлі қырларын зерттейтін қоғамдық ғылым. Әр елдің Конституциясы заң ғылымының негізі және қайнар көзі болып табылады. Қазіргі заң ғылымы Бірқатар білім салаларына сараланған. Олар: мемлекет пен құқық теориясы, құқық және құқықтық ілімдер тарихы, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, жер құқығы, су құқығы, көлік құқығы, теңіз құқығы, мемлекеттік құқық, халықаралық құқық, т.б. сот медицинасы, сот психиатриасы, криминалистика, криминология, заң психологиясы, т.б-лар қолданбалы заң ғылымына жатады. Ал әр сала өз кезегінде мемлекеттік-құқықтық институттарға бөлінеді. Бұл институттар қоғамдық қатынастардың белгілі бір тұтас жүйесін реттейтін құқықтық нормаларды біріктіреді. Заң ғылымының нышандары заңнама (заңдар) мен құқықтық ғылымның дамуына қарай пайда болды.
Дамыған Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-та, Канадада және басқа бірқатар елдерде заң білімі барынша кең ауқымда таралып, дәстүрлі сипатқа айналған. Заң факультеттері мемл. Аппараттың түрлі буындарына кадрлар, жұртшылық мүдделерін қорғайтын адвокаттар даярлайды. Заң факультеттерінде социология, психология, экономика пәндері оқытылады, саясатты зерделеуге баса назар аударылады. Заң білімі бірнеше циклді қамтиды. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Мексикада, т.б. 1-ші цикл – 3 жыл (оқуды бітіргендерге құқық бакалавры дәрежесі беріледі), 2-ші цикл 1 жыл (түлектер құқық магистрі дәрежесін алады). Кейбір университеттерде 3-ші цикл де бар, онда жоғары ғыл. Даярлықтан өткізу көзделеді (құқық докторы дәрежесі беріледі). Францияда заң білімі 2 жылдық циклді қамтиды, олар: жалпы даярлық (бітірген бойда диплом беріледі) және мамандану (құқық лиценциаты атағы беріледі). Құқық докторы атағы қосымша көтеріңкі білім циклін бітіріп, диссертация жазған адамдарға беріледі.[1]
Ерте дәуірлерде туысқандық жақындық бірінші орынға қойылып, ондай адамдардың мақсат-мүддесі ортақ, рулық намысы күшті болған. Егер бір рудың адамын басқа бір рудың адамы өлтірсе, “қанға – қан, жанға – жан” дәстүрі қолданылған. “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” деген қағида қасиетті парыз саналған. Кімнің әдет-ғұрыптық қағида-ережелері әлсіреп, тәртіптілігі нашарласа, ондай рулар тарих аренасынан өшкен, болмаса басқа руларға сіңісіп, болмыстарын жоғалтқан. Ру мүшелерінің құқықтық еркіндіктері мол болған. Олар өздерін еркін санап, өз бостандықтарын қару-жарағымен қорғаған, бес қаруын үнемі асынып жүрген. “У ішсең, руыңмен” деген жосықты ұстанып, тәні мен жаны руымен, жерімен етене болған. Осы тұста әдет-ғұрып заңының кодекстері қалыптаса бастады. Бұл кодекстің басты талабы: әрбір көшпелі бір-біріне мейірімді, досына – адал, дұшпанына – қатал, ержүрек, туысқандық сезімі терең, қонақжай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, әлсізге қол ұшын беруге даяр, кім болса да лауазым-билігіне қарамай шындықты айтатын, күштілер алдында қалтырамайтын, намысы мен арын аяққа таптатпайтын, руының намысын қорғаушы, сол жолда жанын пида етуші жан болуға борыштылығы. Сөйтіп, руластардың мақсат-мүддесі, көші-қоны ғана ортақ емес, сонымен бірге намыстары да ортақ, еліне, жұртына келетін жақсылық пен ұят та ортақ болды. Кейін құралған тайпалық одақтастық, мемлекеттілік кезінде де бұл қасиеттер сақталды. Ертедегі заңдарды “ата-баба жолы”, “жөн-жосық” деп атаған. Ең күрделі даулар бетпе-бет жағдайда, өз жөн-жосығымен, өз рет-жолымен шешілген. Ата-баба заңдарын ақылды да білімді, өнерлі де өнегелі билер, ғұламалар, жыраулар, ел көсемдері шығарып отырған. Бұл заң-ережелер түркі халқының мәдениетін, тәртіптілігін дамытып, өркендетуге зор үлес қосқан. Олардан қалған шешендік сөз “үлгілі сөз”, “аталы сөз”, “нұсқалы сөз” аталып, кейінгі ұрпақтарына жол көрсеткіш үлгі рөлін атқарды. Заманаға қарай құқықтық салт-дәстүрлер бірде дамып, бірде кенже қалып отырды. Көне замандардағы өрлеу мен құлдырау бізге беймәлім. Тек Елжау би, Нән би, Тоныкөк, Оңқай би, Аяз би, Төбе би, Майқы би айтқан тағылымды билік сөздері ғана бізге еміс-еміс жеткен.
Кейінгі Әбу Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, Қорқыт ата, Жиренше шешен, Асан Қайғылар, бертінгі төбе би атанған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би де ежелгі гректің әйгілі Цицерон, Динарх, Гегесид, Исай, Сократ, Исократ, Эсхил секілді заңгер шешендерінен кем түспейді. Бұлар “әділ билік болмаса, халқыңды дерт алады” деп, ел ынтымағын, бірлікті, халық тыныштығын, қоғамдық тұрақтылықты ту етіп ұстаған. Ел ішіндегі дау-дамайды әділеттікпен шешіп, хан деп, қара деп алаламай, бай деп асқақтатпай, кедей деп кемсітпей, ар-ождан, адамгершілік пен имандылықты бәрінен де жоғары қойған. Байлық пен билікті өткінші деп санаған. Сол үшін олар шығарған заңдар, қағида-ережелер халыққа жақын да түсінікті әрі мемлекеттік биліктің кең тараған тармағы болды. Әрине, бұған халықтың мақсат-мүддесінің, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының тұтас, біте қайнасқан бірегейлігі де күшті әсер етті. Сот ісін жүргізу сөз өнерінсіз өтпеген. Өйткені, сөз жамандықтан жирендіреді, ақымаққа ақыл кіргізеді, ұятсыздың ұятын оятады, жылағанды жұбатады, асып-тасқанды басады, көзсізге көз береді. Билеріміз: “Соттасу, бет жыртысу әшейін нәрсе, адам тек ар сотына түспесін”, – деген. Оның үстіне сот ісі ашық, жариялы түрде, жиылған халық алдында ауызекі түрде өткізілген. Сондықтан уәжге, сөзге тоқтау басты қағидат болған. Өйткені, халқымызда ар тазалығы, имандылық, адалдық, ұят, намыс, ата-баба аруағы, мәрттік, сөзге тоқтау нағыз адамдық қадір-қасиет ретінде бағаланған.
Құқық туралы мәліметтер ежелгі дәуірде жалпы білім жүйесіне енгізілген. Мысалы, Ежелгі Грекияда стоиктер мектептерінде шәкірттер сот шешендігіне баулынды. Бірте-бірте заң ілімі дербес ғылыми пән ретінде оқшауланып, шамамен Ежелгі Рим заманында белгілі бір жүйедегі заң ғылымы ретінде қалыптасты деуге болады. Бастапқыда құқық білімі абыздардың артықшылығы болып саналды. Бірақ б.з.б. 254 жылы Тиберий Корунканий (плебейлерден шыққан тұңғыш мәртебелі абыз) тілек білдіруші кез келген адамға құқықты түсіндіремін деді. Б.з-дың 1 ғ-нда Рим заңгері Сабин шәкірттерге мұғалімдер дәріс оқып, сұрақтарға жауап қайтаратын, айтыстар, пікір-таластар өткізетін тұңғыш заң мектебін ұйымдастырды. 4 – 5 ғ-ларда 4 жыл оқытатын осындай бірнеше мектеп болды (Римде, Константинопольде, Афинада, Александрияда, Цезареяда, Бейрутте). Шәкірттер танымал Рим заңгерлерінің, ең алдымен, Гайдың (2 ғ.), сондай-ақ, Папиниан (150 – 212 жылыш.) Мен Павелдің (3 ғ.) Шығармаларын оқыды. [533 жылы император Юстиниан 5 жылдық білім беру курсын енгізу туралы арнаулы кодификация шығарды, ол бойынша курста Рим заңгерлерінің институцийлері, дигесталары және Юстинианның кодекстері міндетті түрде оқытылатын болды. Орта ғасырлық кезеңде арнаулы заң ғылымы мен заң білімі болған жоқ. 10 ғ-да Павияда (Италия) құқық оқытылатын мектеп ашылды. 11 ғ. Аяғында Болоньяда құқық мектебі құрылып, ол кейін университетке айналды, мұнда 12 ғ. Ортасында Еуропаның әр түрлі елдерінен бірнеше мыңдаған студенттер білім алды. 12 – 15 ғ-ларда Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің университеттерінде заң факультеттері жетекші орын алды, оларда, көбінесе, Рим құқығы оқытылды. Тек 18 ғ-дың аяғынан бастап заң факультеттерінің бағдарламаларына ұлттық құқық енгізілді.
Ресейде 16 ғ-дан бастап заң ілімі дербес пән ретінде оқытыла бастады. 1687 жылы құрылған Славян-грек-латын академиясында “рухани және дүниәуи құқық төрелігінен” дәріс беру көзделді. 1715 жылы Петр I-ге “Ресейде мемлекеттік кеңселердің пайдасы үшін саясат академиясын құру туралы жоба” табыс етілді. 1703 – 15 жылы Мәскеуде Нарышкин училищесі жұмыс істеді, онда басқа пәндермен қатар заң ілімі мен саясаттың нышандары қамтылған этика пәні оқытылды. “Бас регламентке” сәйкес 1720 жылы юнкерлер алқасы құрылды (1763 жылы таратылды), олар іс жүзінде алқалардың жанында заң ілімін оқуға тиіс болды. 1825 жылы Ресей Ғылым академиясы құрылған кезде құқықтану кафедрасын ашу көзделді, 1726 – 65 жылы академиялық университетте заң ілімі оқытылды. 1732 жылы Шляхта корпусы ашылып, оның бағдарламасына теориялық заң ілімін оқыту енгізілді. Мәскеу университетінде құқықтан дәрістер алғаш рет 1755 жылы берілді, алайда, заң факультеттерінде жүйелі дәрістер мен сабақтар 1764 жылдан беріле бастады. КСРО-да заңгерлер, негізінен, 5 жыл оқытатын университеттердің және 4 жыл оқытатын институттардың заң факультеттерінде даярланды. Оқу процесі кең профильді заңгерлер даярлайтындай етіп ұйымдастырылды, мұндай заңгерлерді заң білімін талап ететін, сонымен қатар заң қызметінің белгілі бір саласы бойынша терең білімі бар заң мамандарын қажет ететін кез келген лауазымдық қызметке пайдалануға болатын еді. Сондықтан студенттерге мемлекет пен құқықтың жалпы теориясы, мемлекет пен құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдердің тарихы, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, жер құқығы, еңбек құқығы, ұжымшар құқығы, қаржы құқығы, қылмыстық құқық, криминология, сот құрылымы, азаматтық іс жүргізу, қылмыстық іс жүргізу, халықаралық құқық, т.б пәндермен қатар әлеуметтік-экономиялық (саяси экономия, философия, СОКП тарихы, ғылыми Коммунизм) пәндері де оқытылды. Студенттер мемлекетті басқару және кеңестік құрылыс, халық шаруашылығындағы заң қызметі, сот-прокуратура-тергеу жұмысы профильдері бойынша маманданды. ҚҚМ үшін маман заңгерлерді ішкі істер академиясы, Қарулы Күштер үшін – Кеңес Армиясы Әскери институтының әскери-заң факультеті даярлады.
Ұзақ дәуірлер бойы мал шаруашылығымен айналысып, Еуразия аумағында көшіп-қонып жүрген, ата-бабаларымыз рулық-тайпалық жүйені қатаң сақтады. Әрбір ру өз қандастарынан құралып, оны ру ақсақалдары басқарды. Ақсақалдың билігі шексіз еді.
Ал заңгерлер (билер) арнайы оқу орындарында даярланбаған, бірақ олар қара қылды қақ жарған әділ билер ретінде танылып, халық сүйіспеншілігіне бөленді. [Жәнібек, Қасым хан, Есім хан, Әз Тәуке хан өз биліктері тұсында мемлекетті нығайтатын ірі-ірі заңдар қабылдаған (қ. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Жеті жарғы). Бұл заңдар мұсылмандық шариғат заңдары ауқымын кеңейтті. Сөйтіп, түркілік дәуірге дейінгі кезеңде көшпелілердің өмір сүру кепіліне айналған, адамгершілік пен әділдік, адалдық пен мәрттік болмысының тұғыры болған тәңірілік сенімі мен өмір салты ислам діні таралған дәуірлерде шариғат заңдарына кереғар келмей, бір-бірімен кірігіп, біте қайнасып, сомдана, салмақтана, райлана түсті. Рас, қазақ халқы ежелден келе жатқан өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалды. Қайта бұл ерекшеліктер (жеті атаға дейін қыз алыспау, әруаққа сену, әмеңгерлік, т.б.) Исламның және оның шариғат заңдарының, мәнін тереңдете түсті. Бұл заң-қағидалар әдет-ғұрып заңдары деп аталып, 20 ғ-ға дейін қолданыста болды.
1926 жылы Қызылорда қаласында (республиканың сол кездегі астанасы) заң кадрларын даярлайтын тұрақты курс ашылып, ол кейін екі жылдық заң мектебіне айналды. 1934 жылдың басында Алматыда Кеңес құрылысы институты ашылды. Бұл Қазақстандағы заң білімінің дамуына жол ашқан кеңестік тұңғыш жоғары оқу орны еді. 1938 жылы осы институттың негізінде құрылған Заң институты 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің құрамына заң факультеті болып енді. 1972 жылы Қарағанды университетінде республикада екінші болып заң факультеті ашылды. Бұл оқу орындарында мыңдаған жоғары білімді заң мамандары даярланды. Республикада заң саласындағы алғашқы ғылыми-зерттеу мекемесі – КСРО ҒА-ның қазақ филиалы құрамындағы философия және құқық секторы 1945 жылы құрылды, ол 1958 жылы Қазақстан ҒА-ның Философия және құқық институтына айналды (қазіргі Философия және саясаттану институты). Ғылым кандидаттары мен докторлары, негізінен, Мәскеу, Ленинград қ-ларында даярланды. Кейін Қазақстан ғылым академиясының Философия және құқық институтында, қазму-дің заң факультетінде ғыл. Кеңестер ашылып, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, ғыл. Дәрежелер беріле бастады.
1991 жылы Мемлекет және құқық институты құрылды, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2000 жылдың ақпан айынан бастап Қазақ мемлекеттік Заң академиясының ғылыми-құрылымдық бөлімшесіне айналды. институт Қазақстан Республикасындағы құқықтық ғылым саласындағы іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін басты ұйымға айналды, ол елімізде азаматтық қоғам қалыптасуының, құқықтық мемлекет құрудың теориялық, ғылыми-методологиялық және қолданбалы қырларын зерттеуге ұйытқы болып, Қазақстанның заңгер оқымыстыларын осы іске жұмылдырып отыр. Сондай-ақ, 1995 жылы құрылған Қазақ академиялық университеті де Қазақстанда заң ғылымының дамуына елеулі үлес қосуда. Қазақстанда білім мен ғылым саласындағы реформаларға сәйкес жаңа мемлекеттік және мемлекеттік емес оқу орындарының ашылуы, оларда заң факультеттерінің құрылуы, арнаулы (әскери, т.б.) Құқықтық оқу орындарының ұйымдастырылуы да заң ғылымы Мен білімінің дамуына айтарлықтай серпін берді.[3]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.