Заңнама, заңдар – мемлекеттегі өкілетті заң шығарушы органдар қабылдаған нормативтік актілер (көбінесе, заңдар) кешені; сол мемлекеттегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани, отбасылық, т.б. қарым-қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы.
Кейде сол нормалардың бір түрі де заңнама деп аталады. Заңнама мемлекеттік билікті жүзеге асыру әдістерінің негізгісі болып табылады. Заңнама бөліктері өзара байланысты, әрі бір-біріне бағынышты бірегей жүйені құрайды. Заңнаманы құрайтын бөліктер оны қабылдаған мемлекеттік басқару құрылымындағы тиісті заң шығарушы органның мәртебесіне қарай белгілі бір тармақтарға (жоғары билік органдары қабылдаған заңдарға, үкімет қаулыларына, министрліктер мен идаралардың нормативтік актілеріне, т.б.), сондай-ақ, олар қоғамдағы қарым-қатынастардың қандай саласын реттеуге бағытталғанына қарай арнаулы салаларға (азаматтық заңнамаға, қылмыстық заңнамаға, әкімшілік заңнамаға, т.б.) бөлінеді.
Заңнама жүйесінде мемлекеттің Конституциясы Негізгі Заң немесе Ата Заң болып табылады. Ол жоғары заңи күшке ие: мемлекеттік органдардың бүкіл заңдары мен басқа да нормативтік актілері Конституцияның негізінде және соған сәйкес шығарылуға тиіс. Қазақстан заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясын, конституциялық заңдарды, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын қамтиды. Олар мемлекеттегі қарым-қатынастардың қандай саласын реттеуге арналғанына байланысты бірнеше топқа бөлінеді.
- Азаматтық заңнама – әр түрлі заң күші бар құқықтық-нормативтік актілердің жиынтығы. Азаматтық заңнама жүйесі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, соған сәйкес қабылданған өзге де заңдарды, тең құқықты қатысушылардың ақша-тауар, мүліктік қатынастарын және мүлікпен байланысты өзіндік беймүліктік қатынастарын, сондай-ақ, мүлікпен байланысы жоқ өзге де қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын, Парламент қаулыларын, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің қаулыларын (заңнамалық актілерін) қамтиды. Азаматтық заңнаманың нормалары заңдарда, нормативтік-құқықтық актілерде, заңнан туындаған нормативтік актілерде және халықар. шарттарда (келісімдерде) тұжырымдалған.
- Азаматтық іс жүргізу заңнамасы – азаматтық істер бойынша соттардың сот төрелігін жүргізу жөніндегі қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін құқықтық-нормативтік актілер жиынтығы. Қазақстанда “Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі”, “Атқарушылық іс жүргізу және сот атқарушыларының мәртебесі туралы”, “Сот приставтары туралы”, “Адвокаттық қызмет туралы”, “Мемлекеттік баж туралы”, ”Сот сараптамасы туралы” заңдар, “Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы, т.б. заңнамалық актілер қабылданған. Олар субъективтік құқықтар мен заңды мүдделерді сот жолымен қорғауды ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
- Еңбек заңнамасы – азаматтардың еңбек ету, қызмет пен кәсіп түрін таңдау бостандығына қатысты конституциялық құқығын іске асыру барысында туындайтын еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер жиынтығы. Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы” заңы осындай заңнама болып табылады. “Еңбекті қорғау туралы” заң қызметкерлер еңбегінің қорғалуы құқығын қамтамасыз етуге бағытталған, жазатайым оқиғалардың, өндірісте денсаулыққа зақым келуінің алдын алу мақсатымен осы саладағы ұлттық саясаттың негізгі қағидаларын белгілейді. “Ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдер туралы” арнаулы заңда ұжымдық еңбек дауларын шешу тәртібі мен тәсілдерін, ереуілге құқықты іске асыру тәртібін реттейтін құқықтық негіздер белгіленген. Кәсіподақтардың өз мүшелерінің еңбек ету, сондай-ақ, басқа да әлеум.-экон. құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту ісіндегі рөлі “Кәсіподақтар туралы” заңда айқындалған.
- Отбасы-неке заңнамасы – азаматтардың отбасы-неке қатынастарын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер жиынтығы. 1998 жылы қабылданған “Отбасы және неке туралы” заң отбасылық құқықтың қайнар көзі болып табылады. Мұнда бұған дейінгі заң бойынша жұбайлардың ортақ меншіктік қатынастарының қолданыстағы режимі қайта қаралып, кәмелетке толмаған ата-аналардың мүдделерін қорғау мақсатымен неке жасы екі жасқа дейін төмендетілді, жұбайлардың қос әулетесім (фамилия) алуына мүмкіндік берілді, алимент төлеу саласына да біраз жаңалықтар енгізілді. Кейбір жағдайларда отбасылық қатынастарға азаматтық құқық нормалары да қолданылуы мүмкін.
- Әкімшіліктік заңнама – мемлекетті басқару саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін құқықтық-нормативтік актілер жиынтығы. 2001 жылы қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексінде әкімшілік жаза қолдану шараларының шеңбері кеңейтілді, сонымен қатар оған “Әкімшілік-құқықтық ықпал ету шаралары” атты арнаулы бап енгізілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес осы салада жүргізілген құқықтық реформаның негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
- Қылмыстық заңнама – қылмыстық құқық нормаларын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер жиынтығы. Ол тек қана “Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен” тұрады. Онда қылмыстық жауапкершіліктің және жаза қолданудың шектерін айқындайтын нормалар белгіленген; қылмыстық іс жүргізу заңнамасы – қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін құқықтық-нормативтік акт. “Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі” осы саладағы арнаулы және негізгі заң болып табылады. Ол сот төрелігін жүзеге асыру қағидаларын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін белгілейтін конституциялық нормаларға, сондай-ақ халықар. құқықтың жалпы жұрт таныған нормалары мен қағидаларына негізделген.
- Салық заңнамасы – мемлекетте қолданылатын салық түрлерін, салық ставкаларын, салық өндіріп алу тәртібін, салық жеңілдіктерін белгілейтін нормалардың жиынтығы. Салық Заңнамасы салық міндеттемелерінің пайда болуына, өзгеруіне, тоқтатылуына байланысты қатынастарды реттейді, салық санкцияларын белгілейді. Қазақстанда салық заңнамасы 2001 жылы маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының “Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы кодексін” (Салық кодексі), Қазақстан Республикасының “Трансферттік бағаларды қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау туралы” заңын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Кіріс мин-нің Қазақстан Республикасының Қаржы мин-мен келісілген актілерін қамтиды.
- Бюджеттік заңнама – Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын, “Бюджет жүйесі туралы” Заңды, әр жылға арналған респ. бюджет туралы заңдарды, мәслихаттардың тиісті жылдарға арналған жергілікті бюджет туралы шешімдерін, бюджет рәсімдемелері жөніндегі өзге де нормативтік-құқықтық актілерді қамтиды.
- Жер заңнамасы – жер және табиғат ресурстары қатынастарын реттейтін құқықтық ин-тар мен нормаларды қамтитын Заңнама саласы. Елдің жер қорын қорғау, оны орынды пайдалану мемлекет қызметіндегі басым бағыт болып табылады, ол Қазақстан Республикасының Конституциясында және 2001 жылы қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының “Жер туралы” Заңында саяси-құқықтық тұрғыдан тұжырымдалған.
- Кеден заңнамасы – барлық тұлғалардың тең құқықты негізде тауарлар мен көлік құралдарын елдің кеден шекарасына әкелуі мен одан әкетуі құқығын реттейтін, кеден саясатын жүзеге асыру құралдарының жиынтығы ретіндегі кеден ісі ұғымын айқындайтын Заңнамалық акт. 1995 жылы шілдеде қабылданған “Қазақстан Республикасындағы Кеден ісі туралы” заң кедендік реттеу аясындағы негізгі заң болып табылады.[1]