Жалау Мыңбаев (1892, бұрынғы Адай оязы Құнан-Орыс ауылы – 16.11.1929, Алматы) – мемлекет қайраткері. Адай руының Құнанорыс бұтағынан.
- 1905–1908 жылдары Форт-Александровскідегі (Форт-Шевченко қаласы) екі сатылы орыс-қазақ мектебінде білім алған.
- 1917 жылдан бастап Маңғыстау оязы кеңесінің мүшесі. Сол жылы желтоқсанда Түркістан (Қоқан) автономиясын Маңғыстау өңірі Адайларының қолдайтындықтарын білдіру мақсатында Қоқанға барды. Мұстафа Шоқаймен осы жолы танысқан ол, 1919-шы жылы көктемде оны теңіз арқылы шетелге шығарып салды.
- 1919 жылы «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы.
- 1920–1923 жылдары Маңғыстау ояздық атқару комитетінің азық-түлік бөлім бастығының орынбасары, Адай оязының милиция бастығы.
- Адай ояздық ревкомының (1923–1924) төрағасы қызметтерін атқарды.
- Мыңбаев БК(б)П 14-съезінің, қазақ облыстық 3–5 партия конференцияларының, Қазақстан кеңестерінің 4–6 съездерінің делегаты болды.
- Қазақ АКСР Кеңесінің 5 съезінде Қазақ АКСР ОАК-ның төрағасы болып сайланды. Бұл қызметте жүріп республикадағы барлық басқару органдарын жергіліктендіру (қазақтандыру) ісіне басшылық жасады, халықтың әлеуметтік жағдайын және денсаулық, оқу-ағарту, мәдениетін жақсартуға күш салды. Жалау Мыңбаев қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін Кеңес үкіметінің солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған С.Сәдуақас, Н.Нұрмақұлы, т.б. тобында болды. 1926 жылы 25 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің пленумында бұл топқа ұлтшылдар деп айып тағылып, қатал сынға ұшырады. Ф.Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Мыңбаевтың үстінен іс қозғады. Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға ұшырады.
- 1927 жылы орнынан алынып, Гурьев (Атырау) округі атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетілді. Ол бұл қызметі барысында Гурьев округінің мұнайлы өңір екенін ескеріп, ауыр өнеркәсіпті дамытуға күш салды. Балық шаруашылығын жандандырды, бұл кәсіпшілікке қазақтардың тартылуына жол ашты. Гурьевте электрстанса құрылысын салу жұмысына тікелей басшылық етті. Байлар мен орташаларды күштеп тәркілеуге, жер аударуға барынша қарсылық танытты.
- 1929 жылы қызметінен өз еркімен кетіп, ауыр науқастан көз жұмды.[1][2]
"Қазақ энцклопедиясы - VI"