From Wikipedia, the free encyclopedia
Ен – төрт түлік малдың құлағына кесу, ойып алу, тілу жолымен салынатын айырым белгі, таңба.
Қазақы ортада мал құлағына салынатын еннің түрлері өте көп және түрлі комбинацияда салынған. Әр ру, ата, ауыл, үйдің өздеріне тән ен, таңба белгілері болған. Дәстүрлі ортада қалыптасқан үрдіс бойынша малды сол арқылы танып ажырататын болған. Қарашаңырақтан жаңа отау бөлінгенде, жас отбасыға берілген енші малына өзіндік жаңаша ен салынған. Ен, белгі малдың екі құлағына немесе мүйізіне салынады. Кейде құлағының бір бөлігін кеседі немесе ояды. Ен түрлері қазақтардың қай руға жататындығының да белгісі болды. Ал еннің қандай пішінде болуы мал иесінің еркінде болды. Бірақ, жалпы рулық пішіннен ауытқуға тыйым салынған. Белгі, ен, таңба тұрған жерде ешкім мал басын иемденуге дауласпайды. Ен салғанда, әсіресе жексенбі күні сәтті деп есептелінген, өйткені Тәңір жерді жексенбі күні жаратқан екен деген түсінік болған.
Еннің түрлері: алдынан көз, артынан көз, артынан ойық, артынан сыдырғы, алдынан тілік, артынан тілік, алдынан ішіне ала тілік, байпақ ен, жүрекше (ұшынан шорт кескен), жырық, ойма, ойық, тілік, құмырсқа, кезойық, айыр, сара тілік, ұшынан, ортасынан айырған, сыдырғы, сыдырғыш, кесік қиықша, құлағының түбіне ала ойық немесе құмырсқа қиық ен, кесік, кезді тілік, шатыраш, тісті, тесік, түйнешік (шеміршегін теспей ен салу, тесік ен, терісін сылып, оймақ баулап), қанжыра, қиық, шұнақ ен (ұшына ала кесік)т.б.
Ен салу науқаны ерте көктемде, шыбын-шіркей шықпай тұрғанда, төлдің бәрі ширап, пышақ көтеретін халге жеткен соң жаздың басында жүргізіледі. Кейде жүнiн қырқу, құйрығын кесу арқылы уақытша белгілер де салынады. Ен салғанда мал құлақтарынан түрлі пішінде кесіліп алынған кесінділерді жинап алып, оған ақ тамызып, төлдеpдiң құлағы жылдам жазылады деген сенiммен, құмырсқаның илеуіне тастаған. Мұның астарында "төрт түлік малымыз құмырсқадай көбейсін" деген тілек те жатыр.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.