Би — музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер түрі.
Адамдардың күнделікті еңбек процесіндегі іс-әрекеттері, қоршаған дүниеден алған сезім-әсерлері, би қимыл-қозғалыстары мен би шараларына негіз болған. Табиғат құбылыстарын, аңшылық және соғыс көріністерін белгілі жүйеге түскен ырғақты қимыл — бимен бейнелеу көне дәуірде өмір талабынан туды. Келе-келе би қимылдарының мәнерлеу мүмкіндігі мен тәжірибенің молаюына орай жеке би өнері қалыптасты. Көне мәдениеттер ордасы болған Шығыс елдерінде (Грекия, Рим, Мысыр, Қытай, Үндістан) билеу мәдениеті шеберліктің биігіне жетті. Би музыкамен тығыз байланысты. Көптеген халықтың билері ұрмалы музыкалық аспаптардың ырғақты үнімен орындалады.
Би хореографиясы жинақы образдар арқылы болмысты бейнелеп, адамның ішкі жан дүниесін көрсетеді. Экономикалық, әлеуметтік, тарихи географиялық, т.б. факторлардың әсерімен де әр халықтың өзіне ғана тән би дәстүрлері, өзіндік хореография тілі, пластикалық бейнелілігі, қимыл-әрекетті музыкамен байланыстыру тәсілдері пайда болды. Солардың негізінде бал билері мен кәсіби сахна биі қалыптаса бастады. Кәсіби өнерде би жоғары деңгейге көтеріліп, ғылыми жүйеленді. Мысалы, Еуропаклассикалық биі, Азия мен Африка халықтарының билері сияқты түрлері қалыптасты. Шығыс елдерінің билері бет-пішіннің нәзік құбылуы және қол қимылы секілді дәстүрлі ишараларымен ерекшеленеді.
Би — қазақтың халық фольклорының көне түрлерінің бірі. Ол туралы Қазақстан жерінде сақталған тастағы суреттер, тарихи деректер, орыс саяхатшылары, тарихшылары, ғалымдарының этнографиялық жазбалары сыр шертеді.
1934 ж. Қазақ музыкалық театры (қазіргі Опера және балет театры) құрылғаннан кейін сахналық билерді шығару қызу қолға алынды. Музыкалық, опералық спектакльдердегі алғашқы сахналық билерде ұлттық ойындар, салт-дәстүр элементтері Орта Азия және Қазақстан халықтары билері мен классикалық бидің стильдік қимыл-әдістері қолданылды.
Бұл билер 1936 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қойылған спектакльдерде,
1930 — 40 ж. Алматыда болған халық шығармашылығының Бүкілқазақстандық слеттерінде көрсетіліп, үлкен табысқа ие болды.
20 ғасырдың 50-жылдарынан бастап ұлттық балетмейстерлер қазақтың фольклорлық билерін, оның нағыз ұлттық қимыл-ерекшеліктерін зерттей бастады. Өңделген фольклорлық билер алғашқы сахналық билермен біріге, қазіргі заманғы қазақ билерінің негізін құрды. Оларды Классикалық би ансамблі, Ән-би ансамблі, “Гүлдер” эстрадалық жастар ансамблі, “Сазген” фольклорлық этнографиялық ансамблі, “Алтынай” мемлекеттік халық биі ансамблі, т.б. орындады. Сондай-ақ, би өнері көркемөнерпаздар ұжымдарының репертуарынан да кеңінен орын алды.
20 ғасырдың 60-жылдарынан жазып алына бастаған халықтық-фольклорлық билер мен оның шығу тегі ғыл. тұрғыда зерттелді. Солардың негізінде ұлттық хореографтар жаңа шығармалар тудырып, би өнерінің жан-жақты дамуына үлес қосты. Кәсіби бишілерді Алматы жоғары би өнері мектебі даярлайды.