Бабата
From Wikipedia, the free encyclopedia
Бабата қалашығы – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген орта ғасырлардан сақталған көне қала жұрты.
Бабата қалашығы | |
![]() | |
Қазіргі жері | |
---|---|
Қалануы |
VII–XV ғғ. |
Орналасуы |
43°35′27″ с. е. 69°20′20″ ш. б.43.59083° с. е. 69.33889° ш. б. (G) (O) (Я) |
|
Орналасқан жері
Түркістан облысы Созақ ауданы, Бабата ауылының солтүстік бөлігі.
Зерттелуі
Қалашыққа алғаш назар аударған орыс ғалымы – Г.И. Спасский. Кеңес дәуірінде Бабата толық зерттеліп, оның кенттік құрылысы, мәдениеті, архитектурасы жайлы деректер жарыққа шыққан. 1946 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә. Марғұлан), 1948 жылы (жетекшісі А.Н. Бернштам) зерттеген. 1953-1954 және 1957-1958 жылдары экспедиция тұрақты қазба жұмыстарын жүргізді.
Тарихи деректер
Бабата – Түркістан мен Сайрамнан кейінгі орында әулие бабтардың Қыпшақ даласына ислам дінін таратуында үлкен орталық болған кенттердің бірі. Кентті діни орталыққа айналдырған адам – Ысқақ Баб. Ол кісіні халық Баб-Ата деп, кентті де соның есімімен атап кеткен.
Бабата кенті ғылымда әдебиетте көптен белгілі, орта ғасырлардағы жазбаларда жиі кездесіп отырады.
Шахристанның оңтүстік-шығыс шетіндегі цитадельдің орны болып есептелетін жартылай сопақ төбенің биіктігі 10 м, төмен жағының аумағы 42х60 м, төбесінің аумағы 12х17 м. Цитадельде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде V-VIII ғасырларға жататын құрылыстың төменгі қабатынан сегіз бұрышты үйдің орны табылған. Ортасында құдығы бар. Төбесі күмбезделіп жабылған. Бөлменің аумағы 5,8 м2, қабырғаларының биіктігі 5,38 м. Бөлме ішкі аулалармен дәліздер және баспалдақты қуыс жолдар арқылы жалғасқан. Дәліздердің төбесі арка пішінінде жабылған. Цитадельдегі ең алғашқы бұл құрылыс отқа табыну ғибадатханасы болып, кейіннен қорғанды қаланың негізгі бөлігіне айналған деген пікір бар. Бұл құрылыс қабырғаларының көпшілігі бұзылып, топырақ басып қалған бұрынғы құрылыс қабырғаларының пішінін қайталайды.
Қабырғалары саз (шым) кірпіштерден қаланған жоғарғы қабаттағы үй 8 бөлмеден тұрады. Бұл қабаттың да орта тұсында төбесі күмбезделіп жабылған, қабырғаларында ойық сөрелері бар сегіз қырлы үлкен бөлме орналасқан. Оны қоршай, әрқайсысының ауданы шамамен 10-16 м2 келетін төртбұрышты бөлмелер орналасқан.
Жоғарғы құрылыс қабатынан табылған қыштан жасалған құмыра, майшам, тостаған, ұршықбастар мен олардың әр түрлі бөлшектері IX-XII ғасырларға жатады. Цитадель XIII-XIV ғасырларға дейін жеткен. Сыртқы жобасы тік бұрышты келген шахристан дүниенің төрт нүктесімен бағыттас, орташа биіктігі 7-8 м. Қабырғаларының ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке қарай 182 м, батыстан шығысқа қарай 145 м. Үш жағынан биіктігі 1,5 м дуалмен қоршалған. Дуалдың ұзына бойынан 15 мұнараның орны анық байқалады. Шахристанның орта тұсынан жалпақ тастардан қалап жасаған су қоймасы табылды. Оның қыш құбырлардан құрастырып жасалған ұзындығы 30 м суағары бар. Рабад цитадель мен шахристанды қоршай орналасқан.
Жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қала тіршілігі төрт кезеңнен тұратындығы анықталды:
- VI-VII ғасырлар – бекіністі мекенжай кезеңі;
- VIII-X ғасырлар – қорғаныс қабырғалары, мұнаралары, сыртқы дуалы мен орлары бар бекініс-қала кезеңі;
- X-XII ғасырлар – қала құрылысының кеңейген, рабад салынған, қорғаныс қабырғалары нығайып, тұрғындар саны көбейіп, шаруашылық, қолөнер түрлерінің дамыған кезеңі;
- XIII-XIV ғасырлар – кенттің біртіндеп күйреу кезеңі.
Ғылыми әдебиеттерде Бабата X ғасырдағы жазба деректерде кездесетін Баладж қаласының орны деген пікір де бар. Қазан төңкерісіне дейін осы маңдағы қыстақта Баба ата медресесі жұмыс істеген. Медресе ғимараты күні бүгінге дейін сақталған. [1][2][3][4]
Тұтастай алғанда Баба ата қалашығы сәулетті фортификациялық құрылыс – қорған болды. Онда қорғаныс үшін барлығы жасалған: мықты дуалдар мен биіктігі жеті метрден асатын мұнаралар, бұрыштарында тұтас мұнаралары бар қамал мен су толтырылатын ор. Археологтар қамал маңынан тапқан наубайхана, су жинайтын жүйе, құдықтар да ұзақ уақыттық қорғанысқа дайындалған. Баба ата қалашығы деректерде аталатын Ысқақ баб резиденциясы – Қарғалық қала-қамалының қалдығы болуы әбден мүмкін.
Көне қала өмірінің соңғы кезеңі XIII–XV ғасырларға жатады. Бұл кезеңде шахристанға қосымша ғимараттар салу, қамалдағы ғимаратты жөндеу және қайта өзгерту жұмыстарынан басқа ешқандай жаңа құрылыс салынған жоқ. Қалашық аумағында XVII–XIX ғасырларда үш архитектуралық ескерткіші орналасқан.
1893 жылы қиратылған ортағасырлық құрылыс орнына Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне (XIV ғ. соңы) ұқсатылған Баба ата мешіт-кесенесі тұрғызылды. Жаңа Баба ата мешіт-кесенесін салу ісін XIX ғасыр аяғындағы аймаққа танымал діни қайраткер Аппақ ишан ұйымдастырды. Ғимаратты Түркістан шеберлері тұрғызды.[5]
Көріністері
-
Баба ата қалашығының екінші құрылыс белдеуінен табылған VIII–IX ғасырларға жататын қала-бекіністің графикалық жаңғыртпасы.
-
Баба ата қалашығының төменгі құрылыс белдеуіндегі біздің заманымыздың VII–VIII ғасырларға жататын ислам дәуіріне дейінгі ғибадаттық ғимараттың жоғарғы бөлігі. 1950-ші жылдардың соңындағы фотосурет.
-
Кешеннің орталық бөлігі. Солдан оңға қарай: Баба ата мешіт-кесенесі (1893 жыл), медресе (ХІХ ғасырдың соңы) және қалашық (VII–XV ғасырлар). Оңтүстік көрінісі.
-
Қалашықтағы бұрыш мұнараның қалдықтары.
Дереккөздер
Wikiwand - on
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.