Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
АҚШ Конституциясы — АҚШ мемлекетінің негізгі заңы. 1787 ж. 17 қыркүйекте Филадельфияда қабылданған. Осы күнге дейін өз күшіне ие. Конституцияда 21 бөлімнен тұратын 7 бап бар, қосымша 27 түзету енгізілген.
АҚШ Конституциясы биліктердің бөлінуі принципіне негізделген: заң шығару билігі парламентке, атқару билігі президентке, сот билігі Жоғары сотқа берілген. Биліктің осы үш тармағының әрқайсының өкілеттілігі нақты айқындалып көрсетілген.
АҚШ азаматтарының құқықтары конституцияға 1789 ж. енгізілген алғашқы 10 түзетуде берілді. 11-27-ші түзетулер 1798-1972 ж. аралығында енгізілген (27-түзету күшіне енбей қалды). Конституцияға түзетулерді конгресс немесе штаттардың үштен екісінің заң шығару жиналыстарының өтінішімен арнайы шақырылған конвент ұсынады. Штаттардың төрттен үш бөлігінің заң шығару жиналыстары мақұлдаған соң түзету күшіне енеді. АҚШ штаттарының әрқайсысының өз конституциялары бар.[1]
АҚШ тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін бұрынғы отарлар билік бөлінісі және республикалық басқару формасы бар штаттарға айналды. 1776—1780 жылдары отарларда конституциялар қабылданды. Солтүстік штаттарда және бос жерлерде құлдық жойылды, бірақ ол оңтүстікте сақталып қалды.
Алғашқыда АҚШ-тың мемлекеттік құрылысы егеменді штаттардың келісімшартына негізделген конфедерация болды. Орталық билікті Құрлықтық конгресс атқарды. Президент те, сенат та, Жоғарғы сот та болған жоқ. Соғыстан кейінгі экономикалық құлдырау мен бейберекеттік федеративті республика туралы идеяны тудырды.
1787 жылдың жазында барлық штаттардың өкілдері қатысқан жартылай ресми съезд өтті. Осында федералдық конституция қабылданды. Оның жобасын дайындауға Джордж Уошингтон, Бенджамин Франклин, Александр Гамильтон және Джеймс Мэдисон қатысты.
1787 жылғы конституция одақтас немесе федералдық мемлекет құрды, штаттар өзін-өзі басқару құқығы мен жеке конституцияларын сақтап қалды. Заң шығару билігі өкілдер және сенаттан тұратын екі палаталы Конгреске берілді. Өкілдер палатасының мүшелері, халқының саны шамамен тең штаттардан 2 жыл мерзімге, ал сенаторлар — әрбір штаттан 6 жыл мерзімге сайланатын 2 мүшеден құралды. Заңды қабылдау үшін оны екі палата мүшелері мақұлдауы қажет болды.
Атқарушы билік конституцияға сай президентке берілді. Ол екі сатылы сайлау жүйесі бойынша сайланып, ерекше өкілеттіліктерге ие болды. Президент өзінің алдында дербес жауап беретін министрлерді қызметке тағайындады, қарулы күштердің бас қолбасшысы болды.
Конституция АҚШ Жоғарғы сотын, өмір бойғы ауыстырылмайтын судьяларын бекітті. Жоғарғы сот егер конституцияға қарама-қайшы деп таныса, заңдардың күшін жоя алатын болды.
1787 жылғы конституцияның прогрессивті мәні болғанымен, әлі де демократиялық бола алмады. Ол революцияның жеңістерін құл иеленушілер мен ірі буржуазияның мүддесіне бекітті. Негрлерді құлдыққа алу заңдастырылды. Қашқын құлдар өздерінің бұрынғы қожайындарына қайтарылып берілетін болды. Үндіс тайпалары құқықсыз жағдайда қала берді. Үндістердің жер иелену құқығы болмады, олардың АҚШ-тағы азаматтығы танылмайтын болды.
Конституция сайлау құқығын реттей алмады. Еңбекшілердің қалың бұқарасы — ұсақ фермерлер, жұмысшылар, кедей қолөнершілер — сайлау құқығынан айырылып қалды. Әйелдер де ешқандай құқықтар иелене алмады. Штаттар конституциясында мүлік шектелімі болды. АҚШ-тың 3 млн-ға жуық тұрғынының тек 120 мың адамы ғана сайлау құқығына ие болды. Буржуазиялық демократиялық сөз, баспасөз, жиналыс “бостандығы” ескерілмеді.
Бірақ бұл билік механизмін жүзеге асыру жөне орталықтың өкілеттілігін нақтылап бөлу жағынан жетілген конституция еді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің рет-жосықтары жетілдірілді. Конституция күні бүгінге дейін әрекет етеді.
1791 жылы Конгресс сөз, баспасөз, жиналыс жөне петиция құқығына, жекебасқа, тұрғын үйге қол сұқпаушылық, қылмыстық істер бойынша азаматтық қорғау соттарын енгізу туралы конституцияға 10 түрлі өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. АҚШ тарихына бұл түзетулер Құқықтар туралы билль деген атпен енді. Конституцияға енгізілген бұл өзгерістердің прогрессивті ықпалы болды және бұл АҚШ халқының ірі жетістіктерінің бірі.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.