From Wikipedia, the free encyclopedia
Арктика (гр. ἄρκτος – солтүстік) — Еуразия және Солтүстік Америка құрлықтарының солтүстік шетін, Солтүстік Мұзды мұхитты аралдарымен қоса түгел қамтитын жер шарының солтүстік полюс аймағы. Ол сондай-ақ Атлант мұхиты мен Тынық мұхиттың іргелес бөліктерін де қамтиды. Ауданы 27 000 000 км2, оның 15 000 000 км2-і мұхит суы. Арктиканың құрамына Ресей Федерациясының Мурманск, Архангельск, Төмен облыстары, Красноярск өлкесі, Саха Республикасы, Магадан облысының солтүстік аудандары, Канаданың Юкон, Солтүстік-батыс Квебек, Ньюфаундленд аумақтары, АҚШ-тың Аляска түбегінің солтүстігі, Данияның Гренландия аралы, Норвегияның Шпицберген аралдары бөліктері енеді. Аралдардың солтүстігін Арктикалық шөлдер, оңтүстігі мен құрлық жағалауларын тундра белдемі алып жатыр. Арктикада тұрғын халық сирек орналасқан.
Арктика, негізінен, ежелгі кристалды қалқандар мен платформалардан, қатпарлы құрылымдардан (палеозойлық, мезозойлық, альпілік) тұрады. Плиоцен дәуірінде жүрген төмен түсу процестері нәтижесінде Солтүстік Мұзды мұхиттың басты қазан шұңқырлары қалыптасқан. Төрттік кезеңде жанартаулық және мұздану процестері жүрген. Арктика жерінің көп бөлігі жазықта, төмен орналасқан. Соңғы мұз дәуірінде бұл аймақты мұз құрсаулары басып қалды. Осы кезеңде мұз сүнгілер жердің үстінгі қабатын қопарып, орнына жаңа мұз таулары мен қыраттарды қалдырды. Арктиканың басқа бөліктерінен мұз уйінділерін де кездестіруге болады.Тундра деп аталатын ормансыз жазықтық далалар Солтүстік Ресей мен Канадада орыны кепкен. Кейбір арктикалық аудандарда таулар да жиі кездеседі. Канаданың архипелагы Баффин жері мен Элсмир аралында теңіз деңгейінен 6000 - 8000 метр биіктіктегі мұзтаулар бар. Гренландияның шығысы мен батысындағы мұз шыңдар одан да биік, аспанмен таласады. Бұл аумақ көлемі 21 млн шаршы шақырым.
Арктиканың еуразиялық бөлігінде ойпатты жазықтар көп ұшырасады. Таулы бөліктері Бырранга, Орал тауының солтүстігінен тұрады. Америкалық бөлігінде аласа төбелі таулы үстірттер (200-400 м) мол. Арктикадағы барлық аралдар құрлықтық типке жатады және олардағы жер бедері таулы болып келеді. Арктиканың биік бөлігі – Гренландия аралының шығысындағы Гуньберн тауы (3700 м), судағы ең терең жері 5220 м, ең ірі су асты жотасы – Канада – Сібір және Гренландия – Еуропа қазаншұңқырлары аралығындағы Ломоносов жотасы. Кен байлықтарынан тас және қоңыр көмір, лигнит, ас тұзы, түсті және сирек металдар, сонымен қатар оптикалық шикізат кездеседі.
Климатының негізгі ерекшелігі – жыл бойы төмен температураның басым болуы. Қаңтар айының температурасы Атлант маңы секторының оңтүстігінде -3˚С, орталық бөлігінде -40˚С, шілдеде оңтүстігінде 10˚С, орталығында 0˚С. Жаз бен күзде циклондық әрекет байқалады. Оңтүстігінде күшті желдер (жылдамдығы 15 м/с) жиі соғады. Ауаның ылғалдылығы төмен, жауын-шашын төменгі ендіктерден келетін ауа массасының ықпалынан жауады: жылына оның ортаңғы бөліктерінде 75-100 мм, оңтүстігінде 300-400 мм шамасында қар күйінде ылғал түседі. Күндерін көбіне тұман басып, бұлт торлап тұрады.
Құрлықтық бөлігін көптеген өзендер кесіп өтеді. Олар 8-10 ай бойы қатып жатады.Iрі өзендері: Лена, Индигирка, Макензи. Тундра белдемінде көлдер көп. Iрісі – Таймыр көлі. Қатаң климат әсерінен мұхит суларының температурасы төмен болып келеді. Жоғарғы қабаттың (100-250 м дейін) температурасы жыл бойы -1˚С. Суының тұздылығы 30%. Арктиканың сулы бөлігінің көпшілігін жыл бойы қалқыма мұздықтар жапқан. Өсімдіктер аз. Солтүстігінде қына, оңтүстігінде ярусты өсімдіктер өседі. Планктонның түрлері күшті дамыған. Жануарлардан: ірі сүтқоректілер (ақ аю, морж, итбалық), құстар (мамыққаз, үйректер) мекендейді. Балықтарының (майшабақ, пикша, табан) кәсіптік маңызы зор. Арктиканы игеруде Солтүстік теңіз жолы үлкен рөл атқарады.
Жер шарының солтүстік полюс шеңбері- мен (66"33'с.е.) шектелген солтүстік полюстік атырабы. Оған Еуразия мен Солтүстік Америка құрлықтарының шет жақтары, бүкіл Солтүстік Мұзды мұхит (Норвегия теңізінің шығысы мен оңтүстігінен басқа) пен оның барлық аралдары (Норвегия жағалауындағы аралдардан өзгесі), Атлант және Тынық мұхиттарының солтүстік бөліктері жатады.
Эскимостар (өздерінің атауы - инуит) этникалық қауымдастық. АҚШ, Канада, Дания, Ресей мемлекеттерінің солтүстік аймақтарын мекендейтін халық тобы. Суық өлкенің көне тұрғындары бұл аймақтарды 9000 жылдан бері мекен етіп келеді. Олардың ата кәсібі - аңға шығып, балық аулау. Бірақ қазіргі кезде эскимостардың басым бөлігі мұнай кендері мен құрылыс саласында жұмыс істейді. Эскимостар арктикалық аймақтың негізгі халқы болып саналады.
Инуиттер - Солтүстік Америка мен Гренландияның арктикалық аумағын мекендейтін жергілікті тұрғындар. Ресейдің кей аймақтарында қоныстанған эскимостар да «Инуиттер» деген атпен танымал. «Инуит» деген термин бірнеше мәдениет өкілдерін біріктіреді.Оған юпиктер, инупиаттар мен Солтүстік Американың алеут халқын жатқызамыз. Олардың тарихы күрделі әрі қызықты, әртүрлі шытырман кезеңді бастан өткерген.Солтүстік Американың байырғы тұрғындары - инуиттердің бай , тағылымды дәстүрі зерттеуге тұрарлық. Тундрадағы инуиттер құрылыс материалдарын қажетсінбейді. Тал-терек өспейтіндіктен , ағаштан салынған үйлер жоққа тән. Тек елдің басқа аймағынан ағаш бөренелер тасып әкелген тұрғындар ғана ағаш үйлерде тұрады. Жылдың басым бөлігінде , әсіресе қысық айларда тундра қалың қарға оранады. Инуиттер осы кезде қар құрсауын үңгіп, баспана жасап алады. Эскимостар заманауи үй салу әдісін меңгергенімен , басым бөлігі әлі күнге дейін бірнеше отбасына ортақ лагерьлерде тұрады. Жаз бен Қыс айларында қоныстарын өзгертіп отырады.
Арктика — жануарларға толы тамаша аймақ. Қарлы аймақты мекендейтін хайуандардың өз баспанасы бар, терілері - қалың, аязға тоңбайды. Олардың дене тұрқы мен мінездері әртүрлі. Теңіз сүтқоректілері мен балықтар Солтүстік мұзды мұхитта өмір сүреді. Киттер, дельфиндер морждар мен итбалықтар - Солтүстік поляр шеңберін паналайтын теңіз хайуандары. Солтүстік бұғысы, ақ аю, түлкі жиі ұшырасады. Арктика қояны полярлық және таулы аймаққа жақсы бейімделген. Құстардан крачака, ақ қаз, қара қарға, ақ кекілік, ақ жапалақ жиі ұшырасады. Сүтқоректілер үшін денесі қалыпты температурада, салқындатпай ұстап тұру өте маңызды. Егер дене қызуы күрт төмендеп кетсе жануарлар мерт болады. Солтүстік поляр белдеуі әлемдегі ең суық өлке болғандықтан, оны мекендейтін сүтқоректілердің тересін қалың түк басқан. Сондай-ақ, тері астындағы қалың май қабаты да қосымша қуат береді.
Эскимостардың шаналары қар бетімен сырғуға қолайлы, жеңіл. Таза ауада шана тебу - қарлы өлкенің тұрғындары үшін таптырмайтын серуен. Инуиттердің де негізгі көлігі - шаналар. Салмағы өте жеңіл болғандықтан оған жегілген хайуандар көліктк орнынан қозғау үшін қиналмайды.
Мамыр айына дейін жерде қар жататынына қарамастан тундра өсімдіктерінің 1700-ге жуық түрі өседі.Күн сәулесі жерге күн шуағын төгетін азғантай уақыттың ішінде тамыры жерге жақын орналасқан өсімдіктер ғана бойын көтеріп, көктейді. Олардың мысалы ретінде түрлі шөптер, гүлдер, мүк пен қына, аласа ағаштарды атауға болады. [1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.