Өлшеу
From Wikipedia, the free encyclopedia
Өлшеу (Measurement) - объект, немесе оқиға қасиеттерінің сандық көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жасалатын анықтау процесі.[1][2] Басқаша айтқанда, өлшеу мәлім негізгі анықтамалық шамамен (өлшем бірлігімен) салыстырғанда физикалық шаманың қаншалықты үлкен, немесе кіші екенін айқындау процесі.[3]
Өлшемнің көлемі мен қолданысы контекстке және пән саласына байланысты. Жаратылыстану ғылымдары мен техникада өлшеулер объектілердің немесе оқиғалардың номиналды қасиеттеріне қолданылмайды, бұл Халықаралық салмақтар мен өлшемдер бюросы жариялаған халықаралық метрология лексикасының нұсқауларына сәйкес келеді.[2] Дегенмен, статистика, сондай-ақ әлеуметтік және мінез-құлық ғылымдары секілді салаларда өлшемдер номиналды (nominal), реттік (ordinal), интервалды (interval) және арақатынастық (retio) шкалаларды қамтитын бірнеше деңгейге ие болуы мүмкін.[1][4]
Өлшем сауданың, ғылымның, технологияның және көптеген пәндердегі сандық зерттеулердің негізі болып табылады. Тарихта, адам өмірінің әртүрлі өрістері үшін көптеген өлшем жүйелері, бірліктері түрлі салаларда салыстырма үшін қолданылған. Көбінесе ондай өлшемдік бірліктерге сауда серіктестігі, немесе серіктестер арасындағы келісімдер арқылы қол жеткізген. ХVIII ғ-дан бастап біртұтастыққа қарап дамудың арқасында, адамзат қоғамы қабылданған стандарттарға келісе бастады, нәтижесінде қазіргі заманғы Халықаралық бірліктер жүйесі (SI) пайда болды. Бұл жүйе барлық физикалық өлшемдерді жеті негізгі бірліктен тұратын математикалық комбинацияға дейін азайтады. Өлшеу ғылымы метрология саласында да жүргізілуде.
Қарапайым етіп айтқанда, өлшеу әдетте белгісіз шаманы белгілі, немесе стандартты шамамен салыстыру барысында анықтайды.
Өлшенетін шама бірнеше рет бақыланады, одан алынған нәтижелер математикалық жолмен өңделеді және ең соңында өлшеудің жүйелік қателіктерін шығарып тастап, шаманың ақырғы мәні алынады.[5] Өлшеу - берілген өлшем бірліктерінде өлшенер шаманың сандық мағынасын табу үшін өлшем құралдарымен орындалатын әрекеттер жиынтығы.[6]