From Wikipedia, the free encyclopedia
Әлеумет — қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде жамағат, қауым, жұртшылық мағынасында қолданылған ұғым. Ол отбасынан, ағайын, туыс, жекжат-жұраттан бастап, ел-жұрт мағынасына дейін қамтиды. Мысалы, халық ауыз әдебиетінде жиі кездесетін “Алқалаған, әлеумет, Сөзіме құлақ салыңыз” дегенде әлеумет ұғымы ағайын мәніне жақын болса, “Әлеумет, көрдің, міне, жаңа заңды” (К. Әзірбаев) деген өлең жолында — бұқара, жұртшылық мәніне ие болып тұр. Әлеумет ұғымының қазіргі заманғы мағынасы қоғам, қауым, қауымдастық сөздерінің ғылыми ұғымдарымен мәндес.
“Қоғам” аталатын адамдар қауымының күрделілігі, көп қырлылығы, сонымен қатар тұтастығы оны әлеуметтік жүйе ретінде қарастыру қажеттігін алға тартады. Қоғам бір текті емес: оның алуан реттегі, әрқилы сипаттағы әлеуметтік құбылыстар мен процестердің бірсыпырасын қамтитын өзіндік түзілімі мен құрамы бар. Әлеуметтік жүйенің құрамдас элементтері адамдар, әлеуметтік байланыстар мен іс-әрекеттер, әлеуметтік қарым-қатынастар мен өзара әрекеттесулер, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, әлеуметтік топтар, қауымдар, әлеуметтік нормалар мен құндылықтар т.б. болып табылады. Олардың әрқайсысы өзара тікелей байланыс құрып, қоғам өмірінде ерекше орын алады әрі өзіне лайықты рөл атқарады. Осы орайда, ең алдымен, қоғамның құрылымын анықтап, оның маңызды элементтерін ғылыми тұрғыдан саралау, сондай-ақ әлеуметтік жүйе ретінде қарастырылатын қоғам өміріндегі олардың орны мен рөлін, өзара байланыстары мен әрекеттесулерін түсіндіру социология ғылымының басты міндеті. Өзінің құрылымы арқасында ғана қоғам емін-еркін, бейберекет жиылған тобырдан да, өзінің жөнге салынған құрылымы бар өзге әлеуметтік құбылыстардан да мүлдем ерекше тұрады, демек, басқаша сапалық қасиеттерге ие болады. Ал, әлеуметтік құрылым көп жағдайға жүйе ретінде бүкіл қоғамның табандылығы мен тұрақтылығын айқындайды. Қоғам және тұлғалардың, олардың байланыстары мен әрекеттесулерінің, өзара іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының жай ғана қосындысы емес, біртұтас жүйе, ал мұндай бірлестіктер жаңа интегралды, жүйелік сапаны туындататын болғандықтан, ол жекелеген адамдардың не олардың қосындысының сапалық қасиеттеріне мойынсынбайды. Әлеуметтік жүйе ретіндегі қоғам — өзінің дербес заңы бойынша қызмет атқарып, дами беретін әлеуметтік ағза өзара табиғи байланыстарына қарамастан, әлеуметтік құрылымға қарағанда “әлеуметтік жүйе” атауы әлдеқайда кең ұғым. Егер әлеуметтік жүйе өзінің аясына кіретін элементтердің бүкіл жиынтығының бір-бірімен және тұтастай әрекеттесуін ұйымдастыру тәсілі болса, онда әлеуметтік құрылым — жүйенің және олардың байланыстарының салыстырмалы түрде баянды, қалыпқа түскен әрі ұдайы өніп отыратын, сондай-ақ, әлеуметтік жүйенің тұрақтылығы мен қызмет атқаруын қамтамасыз ету тетігін құрайтын негізгі элементтерінің жиынтығы. Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтік құрылым — қоғамдағы әлеуметтік статус пен рөлдің нығаюына ықпал ететін әлеуметтік жүйенің аса маңызды бөлігі, ұйтқысы, берік ұстыны. Сонымен, әлеуметтік жүйе дегеніміз — бір-бірімен өзара байланысып, әрекеттесуші және бірегей әлеуметтік тұтастықты құраушы құбылыстар мен процестердің тәртіптелген ауқымды жиынтығы.[1]
Қоғамның әлеуметтік құрылымы әр алуан қырынан қарастырылады. Мәселен, әлеуметтік құбылыстар мен процестердің себеп-салдарлық (детерминшілдік) байланысы, бір-біріне бағыныстылық тәртібі анықталар кезде, қоғам, әдетте (мысалы, марксшілдік социологияда) негізгі төрт арна — экономика, әлеуметтік саяси және рухани (идеологиялық) саланы біріктіретін тұтас жүйе ретінде алынады. Осы салалардың әрқайсысы қоғамға қарым-қатынасы бойынша оның жүйешесі (подсистема) ретінде де қарастырылады. Мұндай кезде бұл жүйелердің әрқайсысы өзінен кейінгілерге елеулі ықпалын тигізеді; ал олар өз кезегі келгенде алдыңғыларына қайыра әсер етіп отырады.
Қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде зерттеу ісі өзара байланысты міндеттерді: а) “қоғамды жалпы түрде” зерттеуді, яғни қоғамның жалпыға бірдей, әмбебап қасиеттерін, байланыстары мен жағдайларын (әлеуметтік философиямен етене байланыста әрі оның жетекшілігімен) зерделеуді; ә) қоғамның нақты-тарихи тұрпаттарын, өркениеттің даму сатыларын зерттеуді; б) жекелеген нақты қоғамдарды, яғни нақты өмір сүруші елдер мен халықтар қоғамын зерттеуді қамтиды. Әлеуметтік құрылым дегеніміз — кең мағынасында: қоғамның әрқилы, алуан сипаттағы құрылымдық бөлімшелерін және олардың арасындағы байланыстарды қамтитын ортақ түзілім. Оған қоғамның әлеуметтік-демографиялық та, әлеуметтік-таптық та, әлеуметтік-территория да, әлеуметтік-этникалық та, әлеуметтік-діни де т.б. құрылымдары жатады; ал тар мағынасында — қоғамның әлеуметтік-топтық жіктелуін — таптарға, әлеуметтік топтар мен жіктерге бөлінуін ғана білдіреді.[2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.