From Wikipedia, the free encyclopedia
Құрақ – төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және неше түрлі қазақи нақыштағы оюлардан , өрнектерден құралған көрпені Құрақ немесе Құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған “қасиетті орын” санаған. Ерте кезде баласы өліп, тоқтамаған үй “тіл-көзден аман болсын” деген ырыммен қырық Құрақ құрап, баласын соған ораған. Құрақ көрпенің арасына мақта және қойдың, түйенің жүнін салып немесе қазіргі кезде жасанды мақта синтепон салып, сырып тігеді.
Қазақтың ісмер, шебер әйелдері құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа паш етіп келеді. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың.Басты бұйымдары көрпе, тұскиіз, еудеше, жастық, түрлі ойыншықтар болып келетін құрақ құрау – қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкентайынан біліп, үйренуге тиісті қолөнер түрі. Ол қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді.Құрақ негізінен, түрлі-түсті маталардан құралады. Мата қиығын қолына ұстаған әрбір әйел оны білмей тұрып қиық құрай алмайды, жасаған бұйымы көріксіз болып шығады. Яғни, құрақ құрауда қойылатын басты шарт: онымен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял, бояулардың сырын білетін таным болуға тиіс.
Құрақ құрау үшін ең алдымен, қажетті материалдар таңдап алынып, олар түрі, түсі, матасына қарай сұрыпталады. Яғни, маталардың барқыт, жібек, сиса, сәтен кесінділері жеке-жеке бөліп алынады. Содан кейін ісмер әйел не бірыңғай барқыттан, немесе бірыңғай жібектен құрақ құрауға кіріседі. Бұл істі бастамас бұрын әрбір түстің бір-біріне сәйкес келуіне, бірін-бірі ашып тұруына айрықша көңіл бөлінеді. Құрақ құрау - қалдық қалдырмау. Ертеде қазақ даласында қымбат маталар тапшы болғандықтан, киім-кешек тігушілер қалған маталардың қиықтарын бір кәдеге жаратуға тырысып, олардан әртүрлі бұйымдар жасаған. Сөйтіп, құрақ құрау өнері дүниеге келген.
Ысырапқорлық – қазақтарға жат қылық. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз үнемшіл болып, қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін қажетіне ұқсатып, аяқ асты тастамаған. Ал қолдағыны осылай ұқсатуда қиыстырып құрақ құраушылардан асқан шебер жоқ. Олай болса, құрақ құрау қыз-келіншектерді ысырапқорлықтан тыйып, үнемділікке үйретеді.
Қазір ұлттық салт-дәстүріміз қайтадан жаңғырып, өмірімізге тереңдеп енгендіктен, қазақтың құрақ құрау өнері де қайтадан дамып отыр. Ауылда да, қалада да көптеген қазақ отбасыларының төрінен қайтадан құрақ көрпелер, құрақ тұскиіздер орын ала бастады. Қыз ұзату, келін түсіру тойларында құдағилар бір-біріне құрақтан әдемі ою-өрнек салынған әсем қоржындармен сый-сияпат апаратын болды. Бір ғажабы, қазіргі құрақтардың өздерінен-ақ ондағы тікше, шаршы құрақтарда небір бояу алмасуларының үйлесімді жасалғанын, осы құрақ бояуларының алмасуының, қиюластырылуының келесі құрақтарда қайталанбайтынын аңғарасың. Көгілдір аспан астындағы жасыл жайлауда ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, қызыл, сары, ақ қызғалдақтар жайқалған, жусанының иісі мұрын жарған дархан далада мал жайып, күміс көлдерде шомылып, құстардың үнін естіген қазақ халқы соның бәрін ою-өрнектер, құрақтар арқылы-ақ қандай шебер жеткізе білген десеңші. Құрақтардың мың құбылған сәні мен сұлулығына қарап тұрғаныңда, «Шіркін-ай, қазақтың бұл құрақтары мен ою-өрнегіне тіл бітсе, олар мәңгілік ғұмыр, асыл махаббат, өшпес сұлулық туралы бізге таусылмас сыр мен жыр толғар еді-ау!», - деп те ойға қалатыныңды қайтерсің. Яғни, құрақ құрау, оны тамашалау қыз-келіншектерді сұлулықпен сырласуға, оны өн-бойына сіңіруге, бояулар әлемін танып, түсінуге үйретеді. Ал жаны сұлу адамның ісі де, мінез-қылығы да, сөзі де, отбасы да сұлу.
Әр үйде құрақтан жасалған бұйымдардың болуы – отбасының ұлтжандылығын ғана танытып қоймайды. Бұл қазақ қолөнерінің ежелгі түрінің қайтадан жаңғырып, қазіргі заманмен жарасым тауып отырғанын көрсетеді. Және де құрақтан жасалған бұйымдардың көбеюі шетелдіктерге біздің еліміздің қолөнерінің қаншалықты дамығанын паш етіп, қазақты әлем халықтарына кеңінен танытуға жарқын жол ашып отыр. Қысқы «Азияда» күндерінде шетелдіктердің түрлі ұлттық сувенирлермен бірге құрақ бұйымдарын да көптеп сатып алып жатқанын көргенімізде біз сондай ойға келдік. Яғни, құрақ құрау қыз-келіншектеріміздің жанында ұлтжандылық қасиеттерді орнықтырып, оларды ұлттық қолөнерімізді сүюге, оны дамытуға үлес қосуға тәрбиелейді.
Қазақ қолөнерінің, оның ішінде құрақ бұйымдарының бояуы сан алуан. Халқымыздың ұғымында көгілдір түс-аспанның символы, қызыл түс – оттың, қанның, өмірдің, жасыл түс - өсімдіктің, көктемнің, бастаудың, ақ түс – биіктіктің, аспанилықтың, сары түс – даналықтың, білімнің белгісі. Сол себепті, қиықта бұл түстер бір-бірімен тығыз бірлікте тұрғанында ғарыштың, әлемнің бейнесін бедерлеп, буддистік мандаланың философиялық мағынасынан да артық мән-маңызға, құпия сырға толы екенін байқатады.
Қазақ қолөнерінің қандай түрінде де ою-өрнектер пайдаланылады. Құрақтан жасалған бұйымдарда да олар өз орнын тауып жатады. Негізінен, қазақ символы көп қабатты. Ол басқа символдармен астасып, мағынасын байыта береді. Этнографтардың айтуынша, бұл жерде ұшбұрыштың және оған қиысатын барлық элементтердің мәні айрықша. Олардың түсіндіруінше, үшбұрыш магиясының мәні үш дүниені тұтастыра білуінде. Қазақтың дәстүрлі көзқарастары бойынша, үшбұрыш – су, жер, ауа – үш ғаламның белгісі болып саналатын балықты, оқты, құсты меңзейді. Егерде осы үшбұрыштың ішіне қошқар мүйіз оюы қиысса, ол отты бейнелейді. Жалпы, қазақтардың ұғымында ою-өрнек магиялық сипатта, ол барлық «кіріс» пен «шығысты», «жағал» мен «қиысуды» белгілейді...
Құрақ көрпелердің бір шаршысын бөліп алып, оны орындыққа көрпеше етіп жабуға да болады.
Драп материалдан сәндік доп былай жасалады: Ол 12 әр түрлі бесбұрыш қиықшалардан құралады. Қиықшалардың ішкі бұрышы 72 градустан болуға тиіс. Дұрыс бесбұрыш дегеніңіз осы. Егерде бесбұрыш теңдей болса, доп дөңгеленіп шыға келеді. Шеберлер доптың екі жағын осылай тігіп алған соң оның ортасына синтепонды тығып, томпайтады. Қарапайым да қызық тәсіл.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.