From Wikipedia, the free encyclopedia
Құда – ерлі-зайыптылардың туыстары мен туысқандары арасындағы құдаластықпен байланысты жекжаттық қатынасты білдіретін атау. Күйеу мен әйелдің аталары мен әкелері, аға-інілері мен туған-туыстары бір-біріне құда болады. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың бірге туған жақындарымен қатар, соларға аталас, рулас ер адамдар да бір-біріне құда болып саналады.
Қоғамдағы гендерлік ерекшелікпен байланысты ересек ер адамдарды құда, жасы кішілерді құда бала деп, ал жасы үлкен әйелді құдағи, жасы кішілерін құдаша деп атаған. Құдалар арасында бір-біріне ерекше сый көрсетіп, төрден орын беру, арнаулы мал сойып, құда табақ тарту тәрізді этикеттік нормалар қатаң сақталған.
Жігіттің де, әйелдің де әулеттегі ең жақын туысы, жөн білетін беделді ағайыны бас құда, үлкен құда деп аталады. Бас құда – халықтық этикет бойынша ерекше сый-сияпатқа ие тұлға. Бас құданың (үлкен құда) жолы да үлкен болады. Құдалықта алыс-берістің ең бағалысы алдымен бас құдаға беріледі. Ал қалғандарын кімге беру бас құданың ишарасымен жасалады. Екі жастың бас қосуына, отау құруына байланысты жайттар көбіне бас құданың ақылдастығымен орындалады. Бас құда ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыптарға жетік болады. Сондықтан құдалықты бас құда басқарып барады.
Жігіт пен қыздың құдаласқан әкелері немесе бас құда бір-біріне бауыздау құда деп аталады. Бұл ерте кездерде батаға сойған қойдың бауыздау қанына екі құданың қол батырып уағдаласуына байланысты шыққан. Бауыздау қаны құйылған ыдысқа екі жақтың бас құдаларының найза ұштарын батырғаны «қанымыз қосылды енді, туыс болдық, бата бұзып аруаққа шет болған адамның қаны бауыздалған қойдай ақсын, ет жүрегімізге найза қадалсын» деген семантиканы аңғартады болады. Бұндай бейвербалды семиотикалық таңбалар құқықтық жауапкершілік бауыздау құданың мойнында болатынын аңғартады.
Халықтың байырғы салт-дәстүрінде туылмаған «белдегі» балаларға ниет қылысқан адамдарды бел құда, әйелдер екіқабат кезінде ниет білдірген адамдарды құрсақ құда, қарын құда, ежеғабыл құда деп атаған. Балалары бір түсті болмай туса, құда болысуға сөз байласып, алыс-берісін жасасқан. Ал балалары бір түстес болса, яғни екеуі де ұл болса, «құшақтасқан дос», екеуі де қыз болса, «қимас құрбы болып өссін» дейді. Балалары бесіктегі кезінде құдаласқан адамдарды бесік құда, құндақ құда, ал алыс-беріс жасасып, бесікке белгі салысқан болса, бесіккертті құда деп атаған. Құданың бұл аталған түрлері сыйлас, достас, дос-тамыр адамдардың арасында болған. Олар өзара ниет білдірісіп, сөз байласып, азды-көпті алыс беріс жасасқанмен, құдалықтарының пәлендей құқықтық күші болмаған.
Ертерек кездегі құдаласу салтында кейбір жағдайда қыз берген құда сол құдасының қызын өз ұлына алып береді. Мұндай құдалықты қарсы құда немесе қайшы құда деп аталған. Қарсы құдалықтың мәні әлеуметтік жағдаймен байланысты болады: егер қыз алған жақ қыздың қалың малын төлеуге шамасы келмесе, қалыңмал орнына өз жағынан бір қыз берген. Құдалықтың бұл түрі көбіне әл-ауқаты шамалы адамдардың арасында болған. Егер екі үйде екі қыз, екі ұл болса: бұлардың бір-біріне қалыңмал төлеуге шамалары келмесе, өзара келісіп, қарсы құда болады. Мұндайда екі жақ та келінге әдеттегіден гөрі оң қабақпен қарайды. Бірінің қызы бірінде отырғандықтан, қарсы құдалар әдетте көп кәделерді істемеуге де хақылы. Тек той жасап, неке дұғасын оқытады. Өзара жақындық қарым-қатынасты одан ары нығайту мақсатымен әл-ауқаты жоғары адамдар да екі жақтан бір-біріне қыз беріп, қыз алысқан.
Кейде ежелгі құдалар бұрынғы құдалық сыйластықты жалғастыру үшін тағы да құда түсіп, қыз алып, қыз беріседі, мұны сүйек жаңғыртқан құдалар дейді. Халық мақалында «күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» дейтіні сондықтан. Күйеу жігіт есейіп, ел қатарлы ауыл болып, егде тартқан шағында өзінің қайын жұртына қыз беріп, қыз алысса да «сүйек жаңғыртқан құда» деп аталады.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.