From Wikipedia, the free encyclopedia
Қарағанды Ботаника Бағы – ғылыми-зерттеу мекемесі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фитохимия институты қарамағында. 1939 ж. Қарағандыда ауа райы құрғақ, шөлейтті аймақ – Орталық Қазақстан жағдайында көгалдандырудың ғыл. негізін жасау мақсатында КСРО ҒА Қазақстан бөлімшесінің ботаника секторының зерттеу станциясы болып ашылды. 1940 ж. интродукция жөнінде зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізу үшін қаланың оңтүстік-батыс шетінен аумағы 32 га жер бөлінді. 1948 ж. ботан. бақтың аумағы 50 га-ға жеткізілді. Дендрология, өсімдік қорлары, жеміс-жидек өсімдіктері, сәндік-гүл өсіру шаруашылық лабораториясы жұмыс істеді. Осы жылдары бақта арборетум, табиғи флора өсімдіктерінің және көп жылдық сәндік өсімдіктер коллекциясын, жеміс-жидек өсімдіктері бағын отырғызу және гербарий қорын қалыптастыру мақсатында ғылыми жұмыстар жүргізілді. 1965 ж. жаңа лабораториясы-әкімшілік ғимараты мен қор оранжереясы салынды. Аумағы 18 га болатын дендрология саябақ егілді. 1990 жылдан бақта ағаштар мен бұталардың 1300-ден астам, гүлді сәндік өсімдіктердің 2000-ға жуық түрлері мен сорттары, жеміс-жидектің 600-ден астам сорттары, тропиктік және субтропиктік өсімдіктердің 700-ге жуық түрлері мен табиғи флора өсімдіктерінің 400-ден астам түрі (оның ішінде «Қызыл кітапқа» кірген 14 түрі бар) сынақтан өтті. Бақтың гербарий қоры 15 мыңнан астам беттен тұрады. 1995 жылдан бері осы аймақта өсетін өсімдіктің 3 жаңа түрі анықталды. Раушан гүлінің 40-тан астам сорты Орталық Сібір ботаника бағынан (Ресей, Новосибирск қ.) және бір жылдық гүлді өсімдіктер Норфолк (АҚШ) ботаника бағынан әкелініп, бақтың гүлді сәндік өсімдіктер қоры толықтырылды. 70 тұқымдас 256 туысқа жататын келешекте мәні бар 494 түрлі дәрілік өсімдіктердің, 23 мың гербарий парағына жазылған коллекциясы жиналды. 1999 жылдан Қарағанды Ботаника Бағы өсімдік қорғау жөніндегі Халықаралық ботаника бақтар кеңесінің құрамына кірді. 100-ге жуық мемлекеттің ботаника бақтарымен әріптестік байланыс жасайды.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.