Қанжыға
From Wikipedia, the free encyclopedia
From Wikipedia, the free encyclopedia
Қанжыға – ерге бөктерген затты байлайтын қайыс жіп, таспа. Қанжыға ердің қапталындағы әдейі тесілген тесіктен қапталдық пен желдікті ұстап тұратын әнжімен құйысқан бекітілген шеттіктің түбіне жақын жерінен тұйықталып өткізіледі немесе қапталға әдейі бекітілген шығыршыққа тұйық бау шалынып байланады. Қанжығаның ұзындығы жұп күйінде екі-үш қарыстан бір метрге дейін де болады.
Ердің артына бір затты байлауды «қанжығалау» деп атайды. Қанжығалауға қолайсыз зат, нәрселер байланбаған. Өйткені, аттың шабын соғады, сонымен қатар салмақты нәрселерді қанжыға көтермейді. Дәстүрлі ортада қанжығалау көбінесе саятшы және аңшыларға қатысты қолданылды. «Қанжығасы майлану» деген сөз тіркесі, әдетте, аңшылық пен саятшылықта олжалы қайтқандарға ғана қатысты емес, жалпы адамның жолы болғанын, жеңіске жеткенін, олжалы болғанын да білдіреді.
Қанжығаға байлау – аңшының алған аңын жолай кезіккен адамға беру салты. Қолы ашықтықтың, жомарттықтың және қарым-қатынасты реттеуге бағытталған салттың көрінісі бола тұра, бұл ғұрыптың наным-сенімге де негізделген астары бар. Яғни, дала аңы баршаға ортақ қауым игілігі. Сондықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша, кездескен жолаушыға аңды, яғни, олжаны беру керек. Өйткені, жолда ұшырасқан адам қырықтың бірі – Қыдырға баланады. Олжа байламаса құдайдың бергелі тұрған одан да үлкен несібесінен құр қаласың деген сенімге сай атқарылатын ғұрып болып саналады. Қанжығаға өзі алған тұңғыш аңын өзіне байлау да – құсбегілік өнерде атқаралытын ғұрыптардың бірі. Аң аулауға алғаш шыққан адам тұңғыш олжасын басқа біреуге сыйламайды, яғни байламайды. Әйтпесе, қанжыға қурап, құр қалады, қанды болмайды, жол болмайды деп ырымдайды. Яғни, бақ пен несібе басқаға кетпесін деп алған аңын біреуге берместен, ырым қылып өзі алады.
Аңшылармен кездескен адам қанжыға қанды болсын деген тілек айтады. Яғни, аң алып, оны қанжығаға байлаңыз деген тұспал сөз айтады. Құсбегі қанжығаға аң байлағанда «қанжыға майлансын!» деп айтуы керек. Қанжығасына аң байланған адам құсбегіге алғыс, рахмет айтып, бата беріп жолын жасаған. Ал егер, ұстаған аңды біреудің қанжығасына байлап үлгермесе, оған аңды үйіне әкелген соң да беруіне болады.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.