Шоқыр
From Wikipedia, the free encyclopedia
Шоқыр (Acіpenser stellatus) – бекіре тұқымдасына жататын балық.
Негізінен Қара, Азов теңіздерінде тіршілік етеді. Қазақстанда Каспий теңізінде, оған құйылатын Жайық өзенде таралған. Дене пішіні жебе сияқты созылған. Тұмсығы ұзын (ол басының ұзындығының 60%-дайын алады), мұртшасы қысқа. Арқасы бүйір сүйектеріне дейін қара, бауыры ақшыл түсті. Балықтың ұзындығы 160 см, салмағы 14 кг-дай. Ұзындығы 220 см, салмағы 68 кг-ға дейін болатын түрлері бар. Көктем мен күзде, сәуір айынан бастап, тамызға дейін уылдырық (475 мың, диаметрі 3 мм-дей) шашады. Уылдырық шашып болған ересек балықтар мен шабақтары теңізге ойысады да, мұнда қорек іздеп, қоныс аударып отырады. Майда шабақтары зоопланктонмен, ал ересектері ұсақ балықтармен және моллюскалармен қоректенеді. Кәсіптік мәні бар аса бағалы балық. Ауланатын бекіре балықтарының ішінде 1-орында. Еті, уылдырығы – дәмді тағам, торсылдағынан желім дайындалады. Бекіре, сүрік, пілмай балықтарымен будандастырылған будандары бар.[1][2][3]