![cover image](https://wikiwandv2-19431.kxcdn.com/_next/image?url=https://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/6/6d/Rosenbach_Nikolaj_Ottonovitch.jpg/640px-Rosenbach_Nikolaj_Ottonovitch.jpg&w=640&q=50)
Түркістан жинағы
From Wikipedia, the free encyclopedia
«Түркістан жинағы» – 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде Түркістан өлкесіне қатысты жарияланған кітап, журнал және газет материалдарынан 591 том етіліп құрастырылған жинақ.
Ол 2 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімін 20 жыл бойы (1867–1887) орыстың алғашқы библиографы В.И.Межов жинақтап, 416 том етіп дайындады. Сонымен қатар ол осы томдарға 3 томдық көрсеткіш жасады (СПб., 1878, 1884, 1889).
«Түркістан жинағын» құрастыруды 1888 жылы Түркістан генерал-губернаторы Розенбах тоқтатып тастады. Жинақты шығару 1907 жылы қайта қолға алынды. «Түркістан жинағының» 2-бөлімін құрастыруға Н.В.Дмитровский, көрнекті этнограф Ә.Диваев және И.П.Зыков пен Ю.Ф.Бонч-Осмаловский ат салысты. 1911 жылдан бастап бұл жұмысты А.А.Семенов жүргізді. 1917 жылға дейін жинақтың 2-бөлімінің 174 томы жарық көрді. Жинақта Қазақстанның өткен дәуірлердегі мәдениеті мен өнері жайлы көптеген мәліметтер бар. Сондай-ақ бұл жинақтың материалдары қазақ жерінің отарлануын, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын зерттеуде құнды дерек көздері болып табылады.[1]