From Wikipedia, the free encyclopedia
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры – Қарағанды қаласындағы Халықтар достығы орденді қазақ мемлекеттік драма театры.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Сарыарқаның шетсіз-шексіз даласына республиканың әр қиырынан түрлі ұлт өкілдері келді. Көмірлі Қарағандымен бірге рухани сұраныс та өсті. Әуелі әуесқой көркем үйірмелер пайда болса, 1932 жылы "Жұмысшы жастар театры" құрылды. Арада екі жыл өткенде оның құрамына бір топ талантты жастар қосылып, театр "Қарағанды қалалық жұмысшы–қазақ жастарының театры" деген атауға ие болды. 1932 жылы А. Шаниннің «Зәуре» атты пьесасы бойынша қойылған спектакльдің премьерасымен ашылды. Басты рөлді Ж. Шашкина орындады. Театрдың негізін қалаушылар қатарына ҚР халық әртісі Ж. Шашкина, ҚР еңбек сіңірген әртісі З. Көшкінбаев, С. Жүнісов, У. Әбеуова, К. Байбеков, Т. Ильясов, Н. Жабаев, Б. Шалов және тағы да басқа әртістер.
1936 жылы шығармашылық ұжымның калыптасуында аса маңызды оқиға болды. Театр облыстық театр статусын алып, кәсіптік ұжымға айналды. Ұжым ұлттық драматургияны (Б. Майлиннің "Майданын", С. Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарларын", І.Жансүгіровтын "Кегін") игерумен қатар орыс және шетел классиктерінің пьесалары бойынша (Д. Фурмановтың "Чапаевын", Н.В. Гогольдің "Ревизорын", К. Гольдонидің "Екі мырзаға бір қызметші") спектакльдер қойды. Қазақ фольклорлық шығармаларының тақырыбына жазылған Ғ.М. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", М.О. Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Айман-Шолпан" спектакльдерінің сахналық шешімі мен қойылымы елеулі оқиға болды. 1938-1940 жылдары театр сахнасында алғашқы опералық спектакльдер "Қыз Жібек", "Ер Тарғын", "Жалбыр" (Е. Брусиловский) қойылды. Әртістер С. Жүнісовтың, Р. Қойшыбаеваның, М. Сүртібаевтың және Ж. Шашкинаның қазақ әдебиетімен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысуы ұжым мүшелерінің шығармашылық есебі болды (1936). 1964 жылы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Сәкен Сейфуллиннің есімімен аталды.
Ұлы Отан соғысы жылдары театр жұмысын тоқтатқан жоқ. Қарағандыға көшірілген Леся Украинка атындағы Украин театрының ұжымы қазақ актерлеріне кәсіптік шеберлігін жетілдіруге игі ықпалын тигізді. Режиссер Ю.А. Сумароковпен П.Б. Серебряник бірнеше спектакльдердің ("Жомарттың кілемі", "Намыс гвардиясы", "Түндегі кездесу") қойылымдарын сахнаға шығарды, олар ұлттық театрдың қалыптасқан мектебіне жаңа леп әкелді. 1946-1951 жылдары ұжым өз қойылымдарын идеялық-көркем пьесаларымен едәуір байытты. Режиссер Л. Лурье мен М.И. Рукавишниковтың басшылығымен К. Симоновтың "Орыс мәселесі", "Орыс адамдары", А. Сафроновтың "Мәскеудің мінезі", В. Лавреневтің "Америка даусы", Н. Баймұхамедовтың "Балбұлақ", А. Коррейчуктің "Макар Дубравасы", М.О. Әуезовтің "Абайы", Ф. Шиллердің "Зұлымдық пен махаббаты", Лопеде Веганың "Жуас бұлағы" және басқа спектакльдер қойылды. 1951-1954 жылдары ұжым орыс драма театрымен бірігіп, эксперименттік кезеңді бастан кешірді. Ұжым А. Бектің "Волоколам тас жолы", М. Әуезовтың "Дос-бедел-дос", Д. Исабековтың "Әпке", Ш. Айтматовтың "Ақ кеме", С. Жүнісовтың "Өліара", А. Минуллиннің "Жалғыздық", О. Иоселианидің "Арба аударылмай тұрғанда", Эврипидтің "Медея", У. Шекспирдің "Макбет" пьесаларымен репертуарын байытып, өз шығармашылығындағы жаңа кезенді бастады. Театр Алматыға (1962, 1975, 1986), республиканың облыс орталықтарына гастрольге шығып, өзін кемелденген шығармашылық ұжым ретінде танытты.
Театр К. Жұмабековтың «Замана неткен тар едің» (1995), Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағаш» (1996), М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» (1997), Ш. Айтматовтың « Әділет азабы» (1998), Г. Гориннің «Атың шықпаса» (1999), М. Ғаппаров, Ғ. Ғаппарованың «Қиямет қайым Киото» (2000), Ш. Мұртазаның «Домалақ ана» (2001), Е. Разумовскаяның «Медея» (2004) спектаклімен конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Театр сахнасының алдыңғы тобы қатарында ҚазКСР халық артистері Ж. Шашкина, Р. Қойшыбаева, М. Сүртібаев, А. Мұсабекова, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген әртістері 3. Көшкінбаев, М. Әбдікәрімов, М. Бектенов, Ә. Шәймерденов, С. Жүнісовтер болды. Оған кейіннен арнайы оқу орнын бітіріп ҚазКСР халық артитері Ә. Абылаева, Қ. Сатаев, ҚазКСР еңбек сіңірген әртістері 3. Жақыпов, А. Ыбыраев, Қ. Әлімбаева, Ө. Асылбеков, Р. Баймағамбетов, Н. Жансүгірова, Қ. Кемаловтар келіп қосылды. Режиссерлер М. Қосыбаев, М. Қамбаров, Т. Тұңғышбаев, Ж. Омаров, Е. Тәпенов, М. Бекхожиндер жемісті еңбек етті.
Театрда ҚР еңбек сіңірген әртістері Е. Жүнісбеков, К. Жұмабеков, Г. Рашкалиева, А. Ахметқалиева, М. Қисықов, С. Жұмағали, М. Садықанов, Ш. Нукина, Б. Кемалова, Қ. Жырымбаева, Б. Ахметов, Б. Бәкіжанов т.б. қызмет етеді. Театрдың бас режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ә.Т. Оразбеков, бас суретшісі Қ. Мақсұтов.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.