From Wikipedia, the free encyclopedia
Светлана Ишмұратова ( 20 сәуір 1972 жыл Златоуст, КСРО) — Ресейлік биатлоншы. Биатлоннан еңбек сіңірген спорт шебері. Ресей биатлон одағының басқарма мүшесі. Олимпиада эстафетасының чемпионы. Жазғы биатлоннан екі дүркін әлем чемпионы. 2016 жылдың 5 ақпанынан бастап орталық армияның спорт клубы басшысының орынбасары. РФ Қарулы Күштерінің подполковнигі.[1]
Светлана Ишмұратова 1972 жылы 20 сәуірде Оңтүстік Оралда орналасқан Златоуст қаласында (Челябі облысы) башқұрт-татар отбасында дүниеге келген. Ол әлсіз және аурушаң болып өсті. Осы себепті әкесі қызының денсаулығын жақсарту және денесін қатайту үшін оны шаңғы тебуге үйретуге шешім қабылдады. Ол бірнеше сағат бойы шаңғымен сырғанап, физикалық белсенділікті біртіндеп арттырды. Бастауыш сыныпты аяқтай келе Светлана Ирековна өз дертінен құтылады.
Төртінші сыныпта ол балалар сайысындағы алғашқы жеңісін тойлады. Оны мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Р.С.Ахметғараева жаттықтырды. 1991 жылы ол Кеңес Одағы чемпионатының жасөспірімдер арасындағы алғашқы жарысында жеңіске жетіп, тоқсаныншы жылдары Ресейдегі ең үздік шаңғышылардың бірі болды. Златоусттағы сауда техникумын, ал 1999 жылы Орал (Челябі) дене шынықтыру және спорт академиясын бітірді.
Ол 1996 жылы биатлон командасына жаттықтырушы Фатьянов Виталий Николаевичтің арқасында келді. Ол оған дейін шаңғышылардан құрылған эксперименталды командада болды, 24 жасқа дейін тек шаңғымен айналысты. 1996 жылы оған допинг қолданды деген айып тағылып, осыдан кейін екі жылға уақытша тоқтатылады. Алайда біраз уақыттан кейін спортшыға тағылған барлық айыптар алынып тасталып, қателігі көпшілік алдында мойындалады.[2]
Светлана 1997 жылы биатлон бойынша Ресей чемпионатында спринтте жеңіске жетті. Содан кейін ол Нагано Олимпиадасына ұлттық құрамаға қабылданды. 1998 жылы Хохфильценде өткен әлем чемпионатында алғашқы алтын медалды жеңіп алды. 1999 жылы Ишмұратова жазғы маусымдағы әлем чемпионатына қатысып, спринт-кросс пен эстафетадан алтын жеңіп алды. Келесі жылы спортшы Кіші әлем чемпионатында спринтте күміс алды. Светлана 2001 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен Олимпиада ойындарында биатлоншы эстафетада қола медаль алды. 2003 жылғы әлем чемпионатында спортшы эстафетада алтын, басқа түрлері бойынша күміс пен қола жүлдегер атанды. Сол жылы Еуропа чемпионатында ол тағы бір қола медаль алды. 2004 жылы әлем чемпионатында Светлана эстафетада күміс медаль алды. Ал келесі жылы Еуропа чемпионатында ол жекелей және эстафеталық жарыста алтын медаль жеңіп алды, сонымен қатар спринтте екінші орын алады. Сол жылы Кіші әлем чемпионатында ол жеке есепте үшінші орынға көтерілді. 2005 жылдың мамыр айынан бастап Виталий Николаевич Фатьянов Ишмұратованың жеке жаттықтырушысы болды, онымен бірге спортшы 2006 жылы Туринде өткен Олимпиадада басты алтынды жеңіп алды. 2006 жылы Олимпиада ойындарынан кейін ол өзінің спорттық мансабын аяқтады.[3]
Олимпиадалық жеңістен кейінгі көрнекті биатлоншының өмірі алуан түрлі. 2007 жылдың сәуір айында Миша есімді ұлды болды. Светлана Челябі облысының және туған қаласы Златоусттың спорттық және қоғамдық өмірінің белсенді қатысушысы. 2007 жылдың қысында спорттық жетістіктерге қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Сол жылы Светлана өзінің туған қаласы Златоуст депутаты болып сайланды. Ал 2007 жылдың соңында ол «Единая Россия» партиясынан Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланды. 2016 жылдың 5 ақпанынан бастап орталық армияның спорт клубы басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ишмуратова Светлана Ресей Қарулы Күштерінің подполковнигі шеніне ие. Наградалары: «Құрмет» ордені (Ресей) (22 ақпан 2007 ж.), екінші дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» медалі (5 мамыр 2003 ж.).[4]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.