Ресей экономикасы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Ресей Федерациясы — өтпелі экономика тән индустриялы-аграрлы ел.
Кеңес Одағының ыдырауына байланысты ел экономикасы терең дағдарысқа ұшырады. Біртұтас мемлекет құрамында болған елдер тәуелсіздігін алған соң, олардың арасындағы тығыз экономикалық байланыс үзілді. Мұның өзі жаңа экономикалық одақ құруға түрткі болғанын білесіңдер. Ресей экономикасында жүрген экономикалық қайта құрулардың басты бағыттары мынадай болды: 1) экономикалық әрекетке еркіндік берілуі; 2) экономиканы басқаруда және реттеуде мемлекет үлесінің азаюы; 3) мемлекет меншігінің акционерлік ұжымдар мен жеке адамдар меншігіне өтуі. Жүргізілген қайта құрулар нәтижесінде экономиканы басқару сипаты ғана емес, оның салалық құрылымына, қаржыландыру жүйесіне, басқа елдермен экономикалық байланыстарына да өзгерістер енгізілді.
1990 жылдардан бастап жүргізілген нарықтық қайта құруларға қарамастан, шаруашылықтың салалық құрылымында ала-құлалық сақталуда. Қазіргі кезге дейін ел экономикасында ресурстық салалар басым, өндірістің шоғырлану және монополиялану деңгейі жоғары. Ресей экономикасы басым түрде шикізат пен материалдарды шетке сатуға негізделіп отыр. Шаруашылық дамуында Ресей өз аумағындағы табиғи, материалдық және еңбек ресурстарына сүйенеді. Шетел инвестициясы, негізінен, қаржы саласы мен сауданы дамытуға бағытталған, өндіріс салаларын дамытуға әлдеқайда аз жұмсалады. Қазіргі кезде мемлекет аса маңызды шаруашылық салаларын бақылауды өз қолына алу үшін бірқатар жұмыс жүргізуде.
Ресей шаруашылығының аумақтық орналасуы әркелкі. Табиғат ресурстарының басым бөлігі азиялық бөлікте өндірілгенімен, негізгі тұтынушылар, өндірістік-техникалық және ғылыми әлеует еуропалық белікте шоғырланған. Енді шаруашылықтың жеке салаларының орналасуымен және құрылымдық ерекшеліктерімен танысайық.