Капица Петр Леонидович[1] (8.7.1894, Ресей, Кронштадт қаласы – 8.4.1984, Мәскеу) – орыс ғалымы, КСРО ғылым академиясының академигі (1939), профессоры (1947).
1918 жылы Санкт-Петербург политехникалық институтын бітірге соң, сонда жұмыс істеді.
1920 жылы Н.Н. Семеновпен бірге атомдар шоғындағы атомның магниттік моментін анықтайтын әдісті ұсынды.
1921 жылы Англияға ғылыми іссапарға жіберілді. Онда Э.Резерфордтың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол Кавендиш лабораториясы директорының орынбасары (1924 – 32), кейін Кембридждегі Монда атындағы лабораторияның директоры (1930 – 34) болып қызмет атқарды.
1923 жылы бірінші рет Вильсон камерасын күшті магнит өрісіне қойып, альфа бөлшектің қозғалысын бақылады.
1924 жылы аса қуатты магнит өрісін алудың импульстік әдісін ұсынып, магнит индукциясы 320 килогаусске жететін өріс алуға арналған қондырғы жасады.
1928 жылы күшті магнит өрісіне орналасқан кейбір металдардың электрлік кедергісі өріс кернеулігіне тура пропорционал болатындығын ашты.
1934 жылы ол адиабаталық әдіспен көп мөлшердегі гелийді сұйылтатын қондырғыларды да құрастырды.
1935 – 46 жылы және 1955 жылдан бастап, өзі негізін қалаған КСРО ғылым академиясының Физика проблемалары институтының директоры.
1939 жылы төменгі қысымдағы тиімділігі жоғары турбодетандер циклінің көмегімен ауаны сұйылтатын жаңа әдісті ойлап тапты.
1938 жылы сұйық гелийді зерттей отырып, асқын аққыштық құбылысын ашты.
1947 жылы сұйықтардың жұқа қабатындағы қозғалыстағы толқындық және жылулық процестерге зерттеулер жасау арқылы теңіз толқындарының желмен өзара әсерлесуінің сандық теориясын жасады.
1947 жылдан Мәскеу Физика-техникалық институтының профессоры болды.
1950 – 55 жылдары қуаты 300 кВт-қа жететін аса жоғары жиілікті генераторлардың жаңа түрлерін жасады.
1929 жылы Лондондағы Корольдік қоғамның және басқа да көптеген шетелдік ғылым қоғамдар мүшесі.
1955 жылдан “Эксперименттік және теориялық физика журналының” бас редакторы болды.
1978 жылы Нобель сыйлығының және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының (1941, 1943) лауреаты.