Оқшы ата
From Wikipedia, the free encyclopedia
From Wikipedia, the free encyclopedia
Оқшы ата - Сыр бойы халқы әулие санайтын адам. Шын аты – Ибраһим шайхы, лақап аты – Көгентүп, ал Оқшы ата – кейіннен елдің берген есімі. Бұл оны Ысқақ бабтың баласы деп танығандықтан туған ұғым болуға тиіс. Оқшы түркі тайпаларының арасына ислам дінін таратқан әулие болып шығады. Түрколог Әуелбек Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. Қазір батырдың көне қорымы бар өңір кезінде шаһар болған деседі. Ел ішінде ІХ–Х ғасырлардан бастау алып, ХV–ХVІ ғасырларда белгі қойылған қорымның күмбезіне қатысты аңыз-әпсаналар да аз емес.
Шиеліде Оқшы ата мен Есабыз әулиенің аты қатар аталады. Бір қорымда қатар жатқан екі арысты жұрт бөліп-жармай, бірге атап, бірге құран бағыштайды. Сол сансыз аңыздардың бірі Көгентүптің жастайынан жетім қалып, күнкөріс үшін ел аралап кетуінен басталады. Өстіп ел кезіп жүрген ол жалғыз қызы бар бір кемпір-шалға кезігіп, асыранды ұл атанады. Әке-шешелі болған жігіт енді есейгенінде қос қарт пен қарындасына қамқорлық көрсетіп қана қоймай, оларды асырау үшін егін егіп, диқандықпен айналасады.
Еңбекшіл болып ержеткен ер азаматтың кірпігіне көзі көргеннің бәрі таңданатын. Себебі тым қалың болып өсетін, қалындығы сондай, тіпті көзін жауып тұрады екен. Сол Көгентүп кірпігін қолмен көтеріп қалғанда, бір күншілік жердегіні көреді деген сөз де сол заманда желдей есіп тұрған-ды. Сондықтан көбіне ауыл арасындағы малын жоғалтқан адамдар ағылып Көгентүпке келеді екен. Осылай ірілі-ұсақты баққанын тауып беріп жүрген оның аты ауыздан-ауызға тарайды. Алайда осы ел көп ұзамай қалмақтың қолына өтеді. Жаулап алған жұртына хан өз тәртібін орнатып қана қоймай: «Мені күнде бір үй асырап, қалыңдыққа қызын беретін болсын!»-деп шарт қояды. Көп ұзамай-ақ ауыл адамдары ханның сөзін екі етпей, жарлығын жүзеге асыруға кірісті. Содан тағдыры таразыға түскен бойжеткендер көбейіп, ел іші нілдей бұзыла бастайды. Осындай күндердің бірінде ханды күтіп, оған қыз беру кезегі Көгентүптің үйіне келіп жетеді.
Үйіне келген ханға қыздарын қимай, қос қария зар еңіреп жылағанда, кермеде байлаулы тұрған ат тыпыршып, қосыла зор дауыспен кісінеп коя береді. Кісінеген аттың дауысы арпа орып жатқан Көгентүптің құлағына жеткенде ол арпаның қылтығын алақанына салып құран оқып, жебе етіп, “Құдайдың оғы болып атыл” деп ханға бағыттап үрлеп жібереді. Көп ұзамай қаза болған хан туралы ел: «Жауызды өлтіріп, халықты азаптан құтқарған кім болды екен» — деп толғана бастайды. Бірінің қылышы, бірінің қанжары, енді біреуінің пышағы қан жалаған талай жігіттер ханды өлтірген өзі екенін айтып қызу талас-тартыс жүріп жатады. Сонда Көгентүптің ата-анасы: «Біздің баламыздан да сұраңдаршы, мүмкін сол білер кім өлтіргенін»,-дейді. Жиналған жұрт адам жіберіп, Көгентүпті алдыртады.
Келген соң, «ханды мен өлтірдім» деп, таласқан талай азаматтарды көріп, Көгентүп ханның неден өлгенін сұрайды. Жүрегінен жаралы болып өлгенін естіген соң: «Онда жүрегін жарып көріңіздер, егер арпаның қылтығы жүрегіне қадалып тұрса, менің атқан оғым, — дейді. Расында да солай болып шығады. Осылайша Көгентүп Оқшы атанады.
Оқшы ата кесенесі сазды лаймен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Фундаменті де күйдірілген кірпіштен 0,8м тереңдікте салынған. Кесене қабырғаларының қалыңдығы 1,1-1,2м. Көпірі 25х25 көлемді күйдірілген кірпіштен салынған. Олардың бүліну себебі лайдың дымқыл сыз тарту себебінен ылғалданған. Шиеліге қарасты Жөлек ауылынан 7 шақырым жерде, теміржол торабында орналасқан. Оқшы Ата 1043 жылы қайтыс болып, қазіргі өз атымен аталатын «Оқшы Ата» мазаратында жерленген.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.