From Wikipedia, the free encyclopedia
Отаршылдық - өз елінің шет жағында бос жатқан жерлерді қоныстану және шаруашылық үшін игеру («ішкі отаршылдық»), сондай-ақ басқа елдерде қоныстар салу («сыртқы отаршылдық»). Отаршылдық іс көбіне жергілікті тұрғындарды күшпен бағындыру және ығыстыру саясатымен (кейде қырып-жоюмен) ұштасады және басқа аумақтарды тартып алу үшін қолданылады. Отаршылдық ежелгі заманнан белгілі. Ежелгі Финикия, грек мемлекеттері, Рим отар елдер арқасында үстемдік орнату, өздеріне қажетті азық-түлік және тауарлар алу, басқа аймақтармен сауда қатынастарын орнатуды көздеді. Отаршылдық арқасында гректер Қара және Азов теңізі жағалауларын, Аппенин түбегін, Сицилия, Сардиния, т.б. аралдарды игерсе, финикиялықтар Солтүстік Африкада атақты Карфаген қаласының негізін қалады. Ежелгі қытайлар, түркілер, корейлер Жапон аралдарына қоныс теуіп, Тынық мұхиттағы Оңтүстік аралдардан келгендермен және жергілікті тұрғындармен араласып жапон халқының қалыптасуына қатысты. 11- 13 ғасырларда Таяу Шығысқа жасалған крест жорықтары да белгілі дәрежеде әскери отаршылдық сипатта болды. Ішкі отаршылдық 12-13 ғасырларда феодалдық қоғамның өндіргіш күштерін алға бастырып, Батыс Еуропа елдерінде елеулі табыстарға жетті. 15 ғасырдағы географиялық ұлы жаңалықтар кезінен еуропалықтар жер жүзінің басқа құрлықтарын отарлауды бастады. Әскери-сауда орталықтарын салу, жаңадан ашылған құрлықтарды игеру, бұрынғы дамыған елдермен сауда жүргізу қыза түсті. Испандықтар, португалдар, голландтықтар, ағылшындар, француздар, т.б. отаршылдық саясатын күшпен жүргізді. Олардың қоныстары мен бекіністері Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Австралияда, Африкада, Азияның шығысында, кейін Үндістанда, Индонезияда, Араб елдерінің шығысында пайда болды. Көптеген байырғы халықтарды қырып-жою, қалғандарын құлға айналдыру, резервацияларда ұстау, кемсіту кеңінен орын алды. Отаршылдық саясатын қолданған елдер жергілікті халықтарды тонау, қанау арқасында қатты байып, отарларды шикізат көздеріне, өздері шығарған тауарларды үйлестіру базаларына айналдырды. Отарланған елдердің ең құнарлы жерлерін келімсектер иемденіп, Америка, Африка, Азияның байырғы халықтарын, шөл, шөлейт далалар мен тауларға ығыстырды. Ресей патшалығы да бір орталыққа бағынған мемлекет болуды аяқтағаннан кейін 16-17 ғасырларда Еділ бойы, Орал, Қиыр Солтүстік, Сібір, Қиыр Шығыс халықтарын отарлай бастады. 18-19 ғасырларда отаршылдық саясатын әрі қарай жалғастырып, Кавказ, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары да басып алынды (қ. Қазақстанды Ресейдің отарлауы). Ресейдің отаршылдық саясатын ұсақ халықтарды жаппай орыстандыру, шоқындыру, бас көтергендерін қатал жазалау және ішкі аймақтардағы орыс, украин, белорус, т.б. халықтардан шыққан шаруаларды күшпен қоныстандыру арқылы жүзеге асты. 20 ғасырда болған аса ipi 2 соғыс: 1 және 2-дүниежүзілік соғыс отар елдерді қайта бөлісу салдарынан туындады. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін отарлық жүйе дағдарысқа ұшырап, ұлт- азаттық котерілістер күрт күшейді. Нәтижесінде Азия, Латын Америкасы, Африка құрлықтарындағы отар елдер тәуелсіздік алды. 1991 жылы КСРО-ның тарауымен бұрынғы Ресей отарлары да егемендікке қол жеткізді.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.