From Wikipedia, the free encyclopedia
Онихофоралар (лат. Onychophora) – құрлықтағы омыртқасыз жануарлардың бір типі. Тропиктік және субтропиктік аймақтарда кең тараған, 70-ке жуық түрі белгілі.[1]
Бұлар ылғалды жерлердегі орман жамылғыларының, құлаған ағаштардың, тастардың астында және жерді қазып тіршілік етеді. Денесінің ұзындығы 4 – 15 см-дей, бөлшектенбеген, бас және тұлға бөлімдерінен тұрады. Бас бөлімінде ауызы, қос ұзын мұртшалары (оның түбінде жұп көзшелері орналасқан), хитинделген жақ аппараты және жұп емізікшесі (олардың ұштарында арнайы тері безінің тесігі ашылады) бар. Тұлға бөлімі 13-тен 43-ке дейін біркелкі бунақтардан түзілген, бірақ бұлардың арасындағы жіктері айқын білінбейді, бунақтарының саны жұп аяқтарының санына сәйкес келеді. Тұлға бөлімінде аяқтары (саны 15 жұптан 43-ке дейін) орналасқан, әрқайсысының ұшында екі кішкентай тырнақшалары бар (типтің ғылыми аты осыған байланысты шыққан, грек. όnyx – тырнақ), денесінің сыртқы жабыны – жұқа хитинді кутикула, дене қуысы аралас (миксоцель). Жүйке жүйесі қарапайым, жалпақ құрттардағыдай баспалдақ типті. Миы 3 бөлімнен тұрады, ол екі бүйір жүйке бағаналарымен байланысқан. Кеңірдектері арқылы тыныс алады. Денесінде көптеген тесіктер (стигма) бар. Стигмалардың әрқайсысы ұзын, тармақталмаған, ұштары тұйық, шоғырланып орналасқан кеңірдек түтікшелерімен бітеді. Қан айналу жүйесі ашық, жүрегі арқа жағында орналасқан. Зәр шығару жүйесі – денесінің әрбір бунағында метамерлі орналасқан жұп целомодуктылар (кірпікшелері бар жыныс каналдары), олардың зәр шығару тесігі аяқтарының түбінен ашылады. Даражыныстылар – жұмыртқаның ұрықтануы және ұрықтың дамуы іштей өтеді, сондықтан Онихофоралардың басым көпшілігі тірі туатындар. Бұл типтің 1 ғана класы – алғашқы кеңірдектілер (Protracheata) бар. Барлығы дерлік жыртқыштар.
Бұрын Онихофораларды буылтық құрттар мен кеңірдекпен тыныс алатындардың аралығындағы өткінші форма деп келсе, қазір құрылысының және эмбрионалды дамуының ерекшелігіне байланысты Онихофоралар өз алдына жеке тип ретінде қарастырылады.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — зоология бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.