From Wikipedia, the free encyclopedia
Мәдени өсімдіктер [1](plantae cultae) – адамдар өздерінің әр түрлі қажеттілігін (азықтық, талшықты, дәрілік, бояғыш, эфир майы, мал-азықтық, т.б.) қанағаттандыру мақсатында өсіретін өсімдіктер. Мәдени өсімдіктердің пайда болуы адамзат мәдениетінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Қытай мен Жапониядан күріш, қонақ тары, қытай капустасы, бұршақ түрлері, құрма, апельсин, мандарин, шай, т.б. өсімдік түрлері; Индонезия мен Үндіқытайдан нан ағашы, манго, лимон, банан, қант пальмасы, эвкалипт, темекі, мақта; Австралиядан қант қамысы, қияр, кенеп, кокос пальмасы, күріштің 2 түрі, қара бұрыш; Орталық Үндістаннан қара бидайдың 2 түрі, бұршақтың 5 түрі, зығыр, мақсары, қарбыз, сәбіз, алма, алмұрт, өрік, шие, бадан, жеміс ағашы; Орта Азиядан бидай, қара бидай, арпа, сұлы, бұршақ, жоңышқа, қант қызылшасы, алма, жүзім, анар; Алдыңғы Азиядан зәйтүн, лавр, жеміс ағашы, т.б.; Африкадан мақтаның 4 түрі, қарбыз, кофе; Америкадан жүгері, картоп, қызанақ, асқабақтың бірнеше түрі, какао, арахис, топинамбур, т.б. мәдени өсімдіктер таралған. Адамзат үшін мәдени өсімдіктердің маңызы зор. Бау-бақшадағы, егін алқабындағы өсіп тұрған өсімдіктер азық-түліктің, дәрі-дәрмектің, мал азығының негізгі көзі болып табылады. Қазақстанда мәдени өсімдіктердің түрі көп және олар әр түрлі. Олар – бидай, сұлы, жүгері, күріш, тары, арпа, түйебұршақ, соя, асбұршақ, жержаңғақ, жасымық, картоп, күнбағыс, мақта, қызылша, қарбыз, таңқурай, жүзім, т.б. Мәдени өсімдіктердің жаңа сорттарын шығарумен селекционер ғалымдар айналысады.[2]
Мәдени өсімдіктердің 50 тұқымдасқа жататын 25 мыңнан астам түрі белгілі (барлық жоғары сатыдағы өсімдіктердің 10%-ын құрайды). Бірақ өсімдік өнімдерінен алынатын қоректік заттардың негізін мәдени өсімдіктердің 20 шақты түрі ғана құрайды (мысалы, күріш дүние жүзінде мекендейтін халықтың 2/3-сінің қоректік азығы болып саналады). Өсімдіктерді мәдени жағдайда өсіру тас ғасырында басталды және олар бейберекет қолдан сұрыпталды. Кейін пайдалы өсімдіктер үй маңында (ең бастысы мәдени өсімдіктердің ортасында) өсіріле бастады. Халықтардың қоныс аударуы, теңіз арқылы алыс сапарларға шығу және сауда-саттық өсімдіктердің бір жерден екінші жерге алмасуын қамтамасыз етті. Жаңа жағдайға өсімдіктер тез бейімделіп, соның нәтижесінде мәдени өсімдіктердің жаңа түрлері пайда болды. Қола дәуірінде егіншіліктің қарапайым түрі дамыды. Кейінірек өсімдіктердің алуан түрін шығару үшін жасанды будандастыру қолға алынды. Сондықтан қазіргі кездегі мәдени өсімдіктердің басым көпшілігі мыңдаған жылдар бойына қолдан өсірілді. Олардың ішінде ең ежелгі өсімдік түрлеріне – жүгері, банан, күнжіт, асқабақ, кокос пальмасы, арпа, бұршақ, жуа, темекі, картоп, күріш, қант қамысы, т.б.; тек аз ғана түрлері – қант қызылшасы, каучук гевеясы, хинин ағашы кейіннен мәдени өсімдікке айналған.
Мəдени өсімдіктер жабайы өсімдіктерден тараған. Алғаш адамдар өсімдіктердің жеуге келетін жемістері мен [[тамыр] түйнектерін тамаққа пайдаланған. Жабайы өсімдіктердің тұқымдарын жинап, оларды өздері қоныстанған жерлердің айналасына егіп, өсіре бастаған. Өсімдіктер өскен жерлердің топырағын қопсытып, арамшөптерінен тазартқанда, жиі суарғанда олардың жақсы өсетінін, жамістерінің, тұқымдарының, тамыр-жемістерінің əрі үлкен, əрі дəмді болатынын байқаған.
Әдетте өте көп түрден тұратын туыстардың мәдени өсімдіктерке айналған түрлері аса көп емес. Мысалы, 200 түрден тұратын зығыр туысының 1 түрі ғана, 70 түрден тұратын күнбағыс туысының 2 түрі ғана мәдени өсімдіктер қатарына жатады. Осы күнгі мәдени өсімдіктердің шығу тегі әр түрлі. Олардың кейбіреуі жабайы өсімдіктерден шықса (бірақ өздері жабайы түрде өспейді), екіншілері будандастыру жолымен алынған (мысалы, рапс – жапырақты капуста мен қышабастың буданы, т.б.), ал малазықтық өсімдіктердің көбі әлі күнге дейін жабайы түрде өседі. мәдени өсімдіктер – қолдан сұрыптаудың нәтижесі. Сондықтан мәдени өсімдіктердің жаңа түрлерін (әсіресе малазықтық, дәрілік, тех.) алу жылдан-жылға жалғасуда, жаңа түрлерді алу – генетиканың (селекцияның) жетістіктеріне негізделген. мәдени өсімдіктер жабайы өсімдіктерден өте көп ерекшеліктерімен ажыратылады. Олар өздерінің табиғи ареалдары болмағандықтан, шыққан ортасынан басқа жерге тарала алмайды. мәдени өсімдіктердің физиол. ерекшеліктерін, биохим. құрамын және тіршілік ортасын зерттеу, олардың жаңа сорттарын алуда маңызы зор. Жер шарында халық санының көбеюіне байланысты олардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін (жыл сайын 1,2 млрд. т астық дақылы керек), мәдени өсімдіктер егілетін алқаптардың көлемін ұлғайтып, шөл және шөлейтті жерлерді, биік тау алқаптарын пайдаға жарату қажет. Осыған байланысты тосын (экстремалды) жағдайларға төзімді мәдени өсімдіктердің жаңа түрлерін алу маңызды мәселенің бірі болып саналады.[1]
Агрономия ғылымының дамуына байланысты адамның өсімдікке əсер ету мүмкіндігі артып келеді. Мəдени өсімдіктердің əртүрлі сорттары шығарылады. "Сорт" дегеніміз - өзіне тəн белгілері мен қасиеттері бар біртектес өсімдіктердің тобы. Егін шаруашылығы мен көкөніс шаруашылығында өсімдіктер негізінен тұқымдары арқылы өсіріледі. Бұл жағдайда өсімдік сортының белгілері мен қасиеттері сақталып отырады.
Өсімдіктің сорттарын шығарудың жаңа жолдары мен тəсілдерін ойлап табумен селекция ғылымы (латынша "селекцио" - "таңдау, сұрыптау") айналысады. Селекционер адамға қажетті қасиеттері мол (түсімділігі жоғары, ауруға көп шалдықпайтын, əртүрлі ортада өсуге бейімделгіш) жаңа сорттарды шығарумен шұғылданады. [3]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.