Монархия
From Wikipedia, the free encyclopedia
Монархия [1] (гр. monarchіa – «дара билік») — жоғарғы мемлекеттік билік бір ғана басшы – монархтың (патша, шаһ, сұлтан, хан, халиф, король, император, т.б.) қолында болатын және ұрпақтан ұрпаққа мұрагерлікпен берілетін басқару тұрпаты.
Ерте тарихи даму кезеңінде барлық елдер Монархиялық сипатта өмір сүрді. Әр халықта Монархия өзінше көрініс тапқанымен, бәріне ортақ белгі – жоғары мемлекет биліктің тақ мұрагерлігі жолымен берілуі болды. Құл иеленушілік кезеңінде түрлі сипатта өмір сүріп, кейбір елдерде республикалық басқару нысанымен алма-кезек ауысып отырды. Феодалдық кезеңде Монархия басты мемлекет басқару нысанына айналды. Оның ерте феодалдық Монархия, феодалдық бытыраңқылық кезеңіндегі Монархия, шексіз Монархия деген түрлері болды. Ерте феодалдық Монархия жауланған жерге басқару жүйесін құру мен ірі жер иеленушілердің пайда болуы барысында қалыптасты. Билеуші этностық топқа сүйенген монархтар ортасында билігі күшті, бірақ жаулаған аймақтарымен экономикалық және саяси байланысы нашар алып феодалдық империялар құрды. Феодалдық бытыраңқылық кезінде монарх “теңдестер арасындағы бірінші” жағдайында қалды. Тауар-ақша қатынасының дамуы, орта және ұсақ жер иелерінің, кейіннен қалалықтардың да феодалдық бытыраңқылыққа қарсы күреске бірігуі біртұтас, орталықтанған Монархияны тудырды.
Біртұтас иерархиялық мемлекет аппараттың, күшті әскердің құрылуы монарх билігін шектейтін ешқандай органы жоқ, шексіз Монархияның құрылуына алып келді. Шексіз Монархияда заң шығару, атқару, сот – үш билік те монархтың қолына шоғырланды. Адамзат сана-сезімінің дамуына, демократияның өркендеуіне байланысты мемл. билікті бірінен бірі тәуелсіз әрі өзара байланысты үш тармаққа бөлу теориясы белең алды. Монархиялық елдер конституция қабылдау арқылы монархтың билігін шектеп, Конституц. Монархия пайда болды. Ондай мемлекетте монарх құзырындағы мәселелер конституцияда нақты белгіленді (негізінен ішкі, сыртқы саясаттың басты бағытын белгілеу, бас қолбасшылық, т.б. аса маңызды мәселелер) әрі ол мемл. билік тармақтарының арбитрі болып танылды. Мұндай елдерде көбіне монарх билігі символик. сипатта болып, құзыреті азаяды. Ол ең бастысы ел бірлігі мен билік тұтастығын білдіретін мемлекет символы қызметін атқарады. Ал нақты билік жүргізетін үкімет басшысын халық өкілдерінің органы немесе тікелей халықтың өзі дауыс беру арқылы сайлайды. Яғни, саяси талас-тартыс үкімет билігі маңайында жүреді де өзгермейтін әулеттік мемлекет басшылығы арқасында саяси тұрақтылық мызғымайды. Қазіргі таңда Жапония, Ұлыбритания, Белгия, Дания, Испания, Швеция, Норвегия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Нидерланд, т.б. өркениетті елдер – Монархиялық мемлекеттер. Бұған қоса кейбір Африка және Тынық мұхит аймағындағы артта қалған ұсақ мемлекеттерде Монархиялық билік сақталған.[2]