From Wikipedia, the free encyclopedia
Көп жылдық өсімдіктер – екі жылдан астам тіршілік ететін өсімдіктер. Көп жылдық өсімдіктер қоңыржай аймақта көбіне шөптесін, ал тропиктік аймақтарда, көбінесе, ағаш, бұта түрінде өседі. Бұлардың сабағында не тамырында қор жиналатын арнайы органдары (тамыр, тамыр сабақ, түйнек, жуашық) болғандықтан ауа райына, жыл маусымына қарай сабағы қурап қалғанмен тіршілік қабілетін сақтап, келесі жылы қайта өседі. Мәңгі жасыл түрлері де бар. Мыс., пальма, лавр, талгүл (олеандр), т.б. Көп жылдық өсімдіктердің бірнеше ондаған, жүздеген тіпті мыңдаған жыл тіршілік ететін түрлері белгілі. Мыс., Қазақстанда кәдімгі емен 500 – 1000, кейде 2000 жыл, шырша 250 – 300, қарағай, самырсын қарағай 350 – 500 (кейде 600), қайың, көк терек 100 – 150 жыл, ал Солт. Америкада (Калифорнияда) өсетін алып секвойядендрон ағашы 4000 – 6000 жыл тіршілік етеді. Бұта, шала бұталардың да көп жылдықтары аз емес. Мыс., аршаның кейбір түрінің тіршілігі 500, жусан 100, теріскен 250 – 300 жылға жетеді. Көп жылдық өсімдіктер деген ұғымды екі жылдан астам өсіруге болатын әсемдік көп жылдық өсімдіктермен шатастырмау керек.
Көп жылдық шөптер – екі жылдан артық тіршілік ететін мал азықтық шөптесін өсімдіктер. Көп жылдық шөптер табиғи шабындықтар мен жайылымдарда өседі, әрі екпе шөп ретінде де өсіріледі. Қолдан өсіруге бұршақ тұқымдасы (қызыл бас жоңышқа, беде, эспарцет, т.б.) мен астық тұқымдасының (атқонақ, еркекшөп, қылтықсыз арпабас, т.б.) көптеген түрі пайдаланылады. Қазақстанның оңт-нде суармалы және тәлімі жерлерде беде көбірек өсіріледі. Көк гүлді беде, сарыбас беде оңт. облыстарда көбірек, ал будан беде Қостанай, Ақмола, Солт. Қазақстан, Павлодар облыстарында өсіріледі. Жоңышқаның екпе қызыл бас жоңышқа, шалғындық жоңышқа, жатаған ақбас жоңышқа деген 3 түрі Қазақстанда оның ішінде Алматы облысының тау бөктеріндегі аудандарында, Алтай өлкесінде өсіріледі. Еркекшөп – қуаңшылыққа төзімді және топырақ талғамайтын өсімдік. Екпе түрінде тарақша еркекшөп Бат. Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңт. Қазақстан облыстарында, ал құм еркекшөбі Солт. Қазақстан, Шығ. Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарының тәлімі жерлерінде егіледі. Көп жылдық шөптер өнімін молайту үшін бұршақ тұқымдас өсімдіктерге фосфор, калий (бір га-ға 1,5 – 2 ц суперфосфат және 1 – 1,5 ц калий тұзы), ал астық тұқымдастарға бұдан басқа азот (1,5 ц аммиак селитрасы) тыңайтқыштары, сондай-ақ органик. тыңайтқыштар (көң, қорда, т.б.) қолданылады. Бірақ тыңайтқыш қолдану топырақ жағдайына, Көп жылдық шөптерді пайдалану мақсатына байланысты болу қажет. Астық тұқымдас Көп жылдық шөптерді пішенге масақтанған кезде, бұршақ тұқымдастарды гүлдей бастаған кезде орады. Жайылымда аласа өсетін шөптің биікт. 10 – 12 см-ге, биік өсетін шөп 15 – 17 см-ге жеткенде мал жаяды. Көп жылдық шөптер үшін ауыспалы егісте ең жақсы алғы дақыл – тыңайтылған пар, отамалы және күздік дақылдар аңызы. Көп жылдық шөптер ауыспалы егіс жүйесіне енгізілмесе, онда жыртылған тың жерге егіледі, не шым қалың болса, 1 – 3 жыл бойы бір жылдық дақылдар өсіріп, содан кейін егеді. Қышқыл топырақты жерлерге әк қолданылады. Көп жылдық шөптер егілетін жерді жыртып тегістейді, ал тұқым себер алдында топырақ бетін нығыздап, тұқымды 0,5 – 4 см тереңдікке сіңіреді. Көп жылдық шөптерді далалық аймақта жай қатарлап не қатар алмастырып егеді, ал тұқымдық учаскелерде кең қатарлы әдіспен егіледі. Тұқымдық Көп жылдық шөптерді арнайы жабдықталған астық комбайнымен орады.
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.