Камзол
From Wikipedia, the free encyclopedia
From Wikipedia, the free encyclopedia
Камзол, қамзол – жағасы мен жеңі ойма, белі қынамалы, етегі тізеден төмен болып келетін, қыз-келіншектерге арналған сырт киім.
Қазақстанның Оңтүстік және Шығыс өңірлерінде жеңі шынтаққа келетін шолақ жең немесе тірсек жең бешпентті де камзол деп атаған. Пішілу және тігілу ерекшеліктеріне қарай камзолдар жібек камзол, мақпал камзол, қазақы камзол, қынай бел камзол, тірсек камзол деп түрліше аталады. Жергілікті ерекшеліктерге байланысты халық тілінде камзолды қамзол, кәжекей, көкірекше, кеудеше, күрме, күрдек, қаркеспе деген атаулар қалыптасқан. Сонымен қатар, кей өңірлерде балалар мен ер адамдар киетін бешпент, кәжекей де камзол деген. Камзол латын тілінде – camisiale, арабша – kamis, ал французша – camisole деп аталады. Татарлар мен башқұрттарда камзол күнделікті киім ретінде қолданылып, камзул, бишмәт деп аталса, қырғыздар кемзел, бешмант, келтече деп атаған. Кейбiр түркі тiлдерiн зерттеушiлер «камзол» мағынасындағы кәзекей сөзiнің башқұрт, татар тiлдерiнен енгендігін айтады.
Ұзақ жылдар бойы жинақталған зерттеулер мен деректерге сүйенсек, олардың пішілуі Қазақстанның барлық аймағында бірдей, яғни кебенекше ойып пішіледі.
Бешпенттің жағасы тік жағалы болып келсе, камзол көбінесе ойма жағалы болған. Камзолдың жеңі көбінесе ойылып пішіледі, кейде қондырма жеңді болады. Камзолдың алдыңғы бойы қаусырылмайтын, яғни алды айқаспайтын етіп пішіледі. Алдына қапсырма, түйме тағылады.
Камзол жалпы түркі халықтарына тән киім болғандықтан, оның тігілуі ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ, қырғыз, татар, башқұрт елдерінде өте ұқсас болды. Камзолды барқыт, пүліш, жібек, гүлді мақпалдан, атластан, шұға, мауыты т.б. маталардан безендiрiп тіккен. Жүн тартылып, аң терісінен астарланып тігілетін түрлері де болады. Көбінесе, оның тысы мен астары арасына «бидайы» аталатын шүберек салынады. Камзолдың ұзындығы әйелдердің жас ерекшелігіне қарай әртүрлі болып келеді. Орта және егде жастағы әйелдер бір түсті шымқай, қызыл, көк, жасыл, қара түстiң бірін таңдап, киген.
Жас қыздарға арналған камзолға көбінесе ашық түсті мата таңдап, жағасына, етегіне зер, кестелі немесе жапсырма өрнектер жүргізіп қысқа, шолақтау етіп киген. Қыздар камзолының белі міндетті түрде қыналып тігіледі. Белдің қыналып тігілуі жастардың дене бітімін аша түседі, тал шыбықтай немесе құмырсқа бел теңеулері қыз камзолының осындай пішіміне қарай айтылған. Сән қуған жастар камзолмен бірге тақия, етіктің де түсін бірыңғай етіп киюге тырысқан.
Камзолды әшекейлеудегі жергілікті ерекшелік туралы И.В. Захарова, Р.Д. Ходжаева оңтүстікте камзолдың жағасы, өңірі мен белдегі тігісіне моншақтап тізілген күміс теңгелер тағатынын, ал Жетісуда теңгені бір-екі қатар етіп тақса, басқа өңірлерде камзол жиегі мен белін шашақты таспамен сәндейтіндігін, Көкшетау өңірінде оның өн бойына көлдеңінен қатарластыра 2-3 дана күміс теңге тағу кең таралғандығын атап өтеді. Батыс Қазақстан өңірінде камзолдың жағасы, өңірі, етегіне шымқай ақ түсті моншақтармен ою-өрнектер салынады. Сонымен қатар, камзолдың алдыңғы екі өңіріне кесте тігіліп, күміс қапсырмалар таққан.
Камзол – әйелдердің күні бойы үй шаруасымен айналысуына, жұмыс істеуіне, бойын жылы ұстауына өте қолайлы киім. Камзолдың алдыңғы өңірі бір-бірімен айқаспай беттесіп тұрады, оған ілгекті-ілмекті қапсырма қадалады, кей жерде ақ тана тақса, кейде әшекейлі күміс, не болмаса қарапайым металл түймелер тағылады.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.