Калибр
From Wikipedia, the free encyclopedia
Калибр (франц. calіbre) –
- бұйымдардың мөлшері мен пішінінің және оның бөлшектерінің өзара орналасу қалпын тексеруге арналған шкаласыз өлшеуіш құрал. Калибр бұйымның қалыпты мөлшерін тексеретін қалыпты калибр және оның ауытқу шамасын бақылауға арналған шектік калибр болып ажыратылады. Пайдалану мақсатына қарай – калибр білік тексеруге (1-сурет), саңылау мөлшерін анықтауға, сызықтық шамаларды тексеруге (2-сурет) және конустық жалғастыруға арналған (3-сурет) калибрлер болып бөлінеді;
- металл өтетін прокат біліктерінің арасындағы саңылау. Өңделетін дайындамаға сәйкес ол сығатын (созатын), дайындық және өңдеу жұмыстарына арналған калибрлерге ажыратылады;
- ату қаруының оқпанының ішкі диаметрі, снарядтың (оқтың) көлденең қимасының ең үлкен диаметрі. Калибр оқ ататын қару қуатын анықтайтын негізгі шамалардың бірі. Жылтыр оқпанды қаруда оқпанның ішкі диаметрімен, оқпаны иір ойықты қаруды – ойықтардың қарама-қарсы қырларының ара-қашықтығымен анықталады. Конус оқпанды зеңбіректер кіру және шығу калибрлерімен сипатталады. Қазіргі қару-жарақтың барлық түрінің калибрлерін белгілеуге мм өлшемі қолданылады. Аңшының жылтыр оқпанды мылтығының калибрі 400 г таза қорғасыннан құйылған, массасы мен диаметрі бірдей жұмыр оқтар санымен көрсетіледі. Мысалы, 400 г таза қорғасыннан диаметрлері өзара бірдей 12 немесе 16 оқ құйылса, тиісінше мылтық калибрі 12 не 16 санымен өрнектеледі.