From Wikipedia, the free encyclopedia
Жәрмеңке (нем. Jahrmarkt - жыл базары) – жылдың белгілі бір мерзімдерінде сауда-саттық ұйымдастырылып отыратын орын. Жәрмеңке сөзі неміс тіліндегі Jahrmarkt (Ярмаркт) сөзінен туындаған.
Жәрмеңкелер Қазақстан жерінде ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ұйымдастырыла бастады. Ол уақытқа дейін қазақтар керуенмен Батыс Сібір аймағындағы Ірбіт жәрмеңкесі сияқты ірілі-ұсақты жәрмеңкелерге жол тартатын. Қазақстан малдың, мал өнімдерінің шикізат қоры ретінде орыс көпестерін қызықтыра түсуіне байланысты орыс әкімшілігі жәрмеңкелерді қазақ жерінде ұйымдастырудың тиімділігін құптап ХІХ ғасырдан бастап маусымдық жәрмеңкелерді аша бастады.
Осы уақыттан бастап қазақ жерінің көптеген өңірлерінде жәрмеңкелердің саны жыл сайын көбейе түсті. Бөкей Ордасындағы, Семей, Көкшетау, Ақмола, Әулиеата қалаларындағы жәрмеңкелер қазақ жеріндегі сауда ісінің өркендеуіне, сондай-ақ экономиканың өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ең бірінші болып саудагер Ботовтың ұйымдастыруымен әйгілі Қоянды-Ботов жәрмеңкесі ашылды. Қызылжар жолы бойындағы Қоянды жәрмеңкесі ХІХ ғасырдың 50-жылдарына дейін 25 мамыр – 25 маусым, ал 1882 жылдан бастап 1 маусым – 1 шілде аралығында өткізілген. Қоянды жәрмеңкесінде мал, шикізат өнімдерімен қатар, егін шаруашылығының өсуіне байланысты астық саудасы дамыды.
Жәрмеңкелердің ашылуы қазақ қоғамында сауда ісінің дамуына жағдай жасады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында саудагерлердің арасында орыс және татар көпестері көп болса, кейін мал өнімдерін сататын қазақ саудагерлерінің қатары өсті. Сол кездегі жәрмеңкелердің бір ерекшелігі «айырбас сауда» қатынасымен қатар тауарды ақшамен сату-сатып алу қатынастарының қалыптасуына себепкер болды.
Жаздық және күздік болып бөлінетін жәрмеңкелер саны ХІХ ғасырдың соңында Ақмола уезінде 40, Семей уезінде 14-ке жетті. Әулиеата, Қарқара (Верный), Қоянды (Қарқаралы), Атбасар (Ақмола), Ойыл (Ақтөбе), Шар (Семей) жәрмеңкелерінің маңызы өсті. Олардың ішінде ең ірісі болған Қоянды жәрмеңкесінде мемлекеттік банк бөлімшесі, почта, телеграф жұмыс жасады.
Верный, Әулиеата, Пржевальск, Бішкек уездерін Әулиеата жәрмеңкесі қамтыған. Жылына жәрмеңкеге жан-жақтан тауарлар тасылған. Әулиеата уезінен 125 000 пұт жүн, Шымкент уезінен 200-250 мың пұт жүн, 3000 пұт қаракөл терісін, 20 000 пұт түйе жүнін сатуға әкелген. Қазақ ауылдарынан орыс көпестері шикізат өнімдері мен қолөнер бұйымдарын сатып алып, Ресейге алып кеткен.
Верный, Қапал, Жаркент, Сергиополь уездерін қамтыған ірі Қарқара жәрмеңкесі ХІХ ғасыр аяғынан – ХХ ғасыр басына дейін жұмыс жасады. Жәрмеңке Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасын дамытты. Жаркент кеден басқармасының 1893 жылғы мәліметі бойынша Қарқара жәрмеңкесінен 171 саудагер 435 433 сомның тауарын Қытайға тасыған. Кеген, Иірсу, Жырғалаң, Кеңсу өзендерінің бойын жайлаған қазақтар саудагерлерге малдарын өткізіп, одан түскен қаражатқа азық-түлік, киім-кешек, тұрмыс бұйымдарын, Шығыс маталары мен тәттілерін сатып алған. Жәрмеңкеге Қытай, Ресей, Өзбек, Тәжік, Түрікмен, Қырғыз, Хиуа елдерінің саудагерлері ағылған. Жәрмеңке қазіргі Алматы облысының Кеген ауданының Қарқара жайлауында жаз уақытында ұйымдастырылып тұрған. Жыл сайын жәрмеңкеге арналып 200 киіз үй тігілген.
Жәрмеңкелердің негізгі сауда көзі – төрт түлік малда болатын. 1910 жылы сатылған малдың саны – 159855 болса, 1913 жылы – 567920-ға жетті. Қарқаралы бөлімі инспекторы мәліметтеріне сәйкес 1905 жылы шикізат материалдарын (жүн, тері, киіз) ірі көлемде сатумен 14 адам айналысып, тауарларды Петропавловск, Казань, Новгород қалаларына жөнелткен. Сонымен қатар жәрмеңкелерде Ресей зауыттарының темір, мыс, шойыннан жасаған өнімдері де сатылған. Қоянды жәрмеңкесінің тауар айналымы жыл сайын өсіп отырған: 1882 жылы – 1,5 млн сом, ХІХ ғасырдың аяғында – 2 млн сом, ХХ ғасырдың басында 3 млн сомға жеткен. Жәрмеке Ресей, Моңғолия, Қазақстан сауда қарым-қатынасын дамытты.
Жәрмеңкелер қазақ даласындағы экономикалық өмірді жандандырып, ұлттық өнерді ел арасына тарату қызметін де атқарды. Сауда ісімен қатар жиналған халықтың көңілін көтеретін мәдени іс-шаралар да ұйымдастырылып тұрған. Думан салу қазақ халқының тіршілігімен біте қайнасқан өнер түрі болғандықтан, әйгілі Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра Уәлиқызы, Әміре Қашаубаев сияқты өнер қайраткерлері мен палуандар жәрмеңкеге жиналған халықтың көңілінен шығып отырған. Сөз жарыстырған айтыскерлер сияқты жарыс түрлері де ұйымдастырылып, жыршылар қазақ халқының өткені мен сол кездегі тұрмыс-тіршілігін өз жырларына қосқан. Думаншылар ұлттық ойындар: көкпар, қыз қуу, тартыс, теңге ілдіру, жаяу жарыс, жорға салыстыру т.б. көрсетсе, ал саятшылар бүркітке түлкі алдыру, тазы жүргіртудің озық үлгілерін паш етті.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.