From Wikipedia, the free encyclopedia
Жекпе-жек – майдандағы үлкен шайқас алдында кәсіби әскерилердің-батырлардың жауынгерлерлік жеке ұрысы.
Көшпелі халықтардың әскери өнерінде соғыс кезінде батырлар жекпе-жегін өткізу дәстүрі өте маңызды орын алды. Майдандағы айқас алдында кәсіби әскерилердің жауынгерлік жекпе-жек айқасын өткізу – өткен ғасырларда барлық халықтардың әскерилер сословиесінің соғыс өнеріне тән ортақ дәстүр болатын. Эпостық қаһармандардың және тарихи батырлардың жау батырларымен соғыс кезінде жекпе-жек айқасының өтуі – түркі халықтарының өз қаһармандық эпостарында да, тарихи жазба ескерткіштерінде де кездесетін тұрақты сюжеттердің бірі. Көшпелі түркі халықтарында жауынгерлердің жекпе-жекке шығуы туралы ең көне жазба деректер түркі заманына (VII ғ.) сәйкес келеді.
Орта ғасырлардағы соғыстар кезінде көшпелі халықтар батырларының көршілес отырықшы халықтардың әскерилерімен жекпе-жек айқастары туралы деректер ол халықтардың да тарихи, әдеби жазбаларында сақталған. Орыс князі Мстиславпен жекпе-жекке шыққан касог (половец) тайпасының батыры Редедейдің (XI ғ.), Куликов шайқасы кезінде (ХV ғ.) орыс жауынгері Пересветпен айқасқан Алтын Орда батыры Челубейдің (Тимур мурза) есімдері орыс жылнамаларында аталса, Әмір Темір мен Алтын Орда ханы Тоқтамыстың соғысын суреттейтін ортағасырлық автор Шереф-ад-дин Али Йездидің «Зафар-наме» («Жеңіс кітабы») атты тарихи шығармасында Алтын Орда әмірі Яғлы-бий бахриннің Әмір Темірдің әмірлерінің бірі Осман-баһадурды жекпе-жекке шақырып, айқасқаны суреттеледі.
Айқастың тағдырын батырлардың жекпе-жегімен шешуге тырысу дәстүрі қазақтарда XIX ғ.-ға дейін сақталып келді. Батырлар жекпе-жегі қазақ-жоңғар соғысы кезінде де, кейінгі ұлт-азаттық көтерілістер кезіндегі айқастарда да өткізіліп отырды. Қазақтың тарихи жырларында жекпе-жекте жоңғардың Шарыш батырын жеңіп басын алған Абылай, көптеген жекпе-жекте жау батырын жеңіп жеңіске жеткен Қабанбай, Бөгенбай және т.б. батырлардың, Аңырақайда қалмақтың атақты батырын жеңген Бөлек батыр, Кенесары әскерлерінде жекпе-жекте аты шыққан Наурызбай, Ағыбай сияқты көптеген батырлардың ерліктері тарихта, халық жадында бүгінге дейін сақталып келеді.
Жауынгерлік жекпе-жекке қатысу көшпелі қоғамның кәсіби әскерилер әлеуметтік жігі өкілдерінің – батырлардың соғыстағы басты міндеттерінің бірі болды, жауынгерлік борышы саналды. Көбінесе жауынгерлер батыр (баһадур) титулына осындай жекпе-жекте жеткен жеңісінің нәтижесінде ие болатын. Осындай жеке айқаста ғана кәсіби жауынгердің жауынгерлік өнері сынға түсіп, шеберлігі шыңдалып, ерлігі жетілді. Жеке айқаста жау батырларын жеңу батырлардың атын шығарып, дәрежесін өсіретіндіктен кәсіби жауынгер үшін оған қатысу үлкен абырой да болды.
Батырлар жекпе-жегінің мақсаттары – аз қантөгіспен, кәсіби жауынгерлердің жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешу, айқас алдында жауға күш көрсету, жаудың басты батырларын құрту, екі жақтың батырларының күшін сынасу болды. Майдандағы жекпе-жекте бір жақтың батырлары өте басым түскен жағдайда батырлары жеңілген қарсы жақ кейде айқасқа кірмей, соғысты жалғастырмай кері шегініп кетуі соғыс тарихында жиі кездесетін жәйт. Яғни әскери тактика тұрғысынан алғанда бұл – батырлардың жеке айқастары арқылы әскерді көп шығыннан сақтаудың бір жолы да болды. Сондықтан қолбасшылар да майдандағы айқасты мүмкіндігінше кәсіби әскерилердің күшімен шешуге тырысып, шайқас алдында жауынгерлік жекпе-жектің өткізілуін соғыста әскери тактикалық тәсіл ретінде қолданды.
Көшпелілердің соғыс өнерінде шайқас алдында батырлардың жауынгерлік жекпе-жегін өткізудің қалыптасқан дәстүрі болған. Екі әскер майданда кезде-скенде екі жақтың қолбасшылары арнаулы жаушы жіберіп, айқас алдында батырлар жекпе-жегін өткізу туралы келісім жүргізіп, оны өткізудің реті, уақыты, саны анықталған. Жекпе-жекке шақыру арнаулы әдіспен әскери дабылды ұру арқылы жарияланды. Ол үшін әр батырдың ерінің алдыңғы қасына оң жақтан байлаған өз әскери дабылы болды. Әскери дабыл батырлардың жауынгерлік атрибутарының бірі саналды. Қазақтардың қаһармандық эпостарында, әдетте, батырлар «артына сауыт бөктерген, алдына дабыл төңкерген» деп сипатталады. Батырдың осы жеке дабылын немесе үлкен жалпы әскери дабылды немесе ханның үлкен дабылын – «нағараны» (парс. «накара», «нагара» – дабылдың үлкен түрінің атауы) ұру арқылы шайқас алдында батырлардың жекпе-жегінің өтуіне дыбыстық сигнал берілді.
Көшпелі халықтардың әскери өнерінде жауынгердің әскери жекпе-жектегі әрекетін анықтайтын, регламенттелген, хатқа жазылмаған, ауызша ұрпақтан ұрпаққа ұласқан, бірақ кәсіби әскерилердің бәрі қатаң сақтап отыратын, кейін институциялану барысында өзіндік әскери салтқа айналған белгілі бір моральдық-этикалық нормалары болды. Жекпе-жек ер қаруының әр түрімен айқасудан: жақпен атысудан, найзаласудан, қылыштасудан, шоқпарласудан, балталасудан кезектесіп ұрыс жүргізу арқылы өткен және айқас жауынгердің біреуі жеңіске жеткенше жүргізілген.
Фольклорлық деректерде жекпе-жек алдында батырлар өз қарсыласынан: «Атыспақ керек пе, шабыспақ керек пе, найзаласпақ керек пе?» – деп сұрайтыны жиі айтылады, яғни қай қарумен айқасатынын сұрап, сайыс жүргізуде қарсыласына қару таңдауға, яғни оған шебер меңгерген қару түрін қолдануға мүмкіндік берген. Бұл қарсыласты құрметтеу, яғни оған жақсы қорғануға мүмкіндік беру болатын.
Жекпе-жек кезінде алғашқы ату кезегі, бірінші соққы жасау кезегі, әдетте, жасы немесе жолы жағынан үлкендерге берілді. Жекпе-жекке екі жақтан көбінесе дәрежесі бірдей батырлар шығатын, хан – ханмен, атақты батыр – атақты батырмен, жас жауынгер – жаспен. Егер қарсыласы өз дәрежесіне сай келмесе батыр бұл жекпе-жектен бас тартуға құқылы болды, бұл өз абыройын кетірмеудің, намысын түсірмеудің белгісі болғандықтан ондай жағдайда ешкім оны кіналамаған, оның талабын екі жақ та мойындап отырды.
Жекпе-жек алдында батырлар міндетті түрде өз есімін, өз руының атын айтып өздерін таныстыруға тиісті болды. Сол арқылы айқасқа қатысушы екі жақ та жекпе-жектен кейін оған қатысқан батырлардың есімін еске сақтап, жеңімпаздың есімін біліп, батырдың атағы барлығына жайылып, қаһарманның есімімен бірге оның руының да, халқының да аты адақталатын.
Жазбаша және ауызша тарихи деректерде жекпе-жек кезінде жеңген батыр жеңілген қарсыласының басын кесіп, атын, сауыт-сайманын олжалап алатыны жиі айтылады. Жеңген жауының басын алу әрекетінің астарында қаталдық емес, сол арқылы жауының күшін иеленуге болады деген ертедегі көне діни сенім жатқанын айта кету керек. Батыры жекпе-жекте өлген жақ батырының денесін жауға бұлай қорлатқызбай сақтап қалу үшін «сүйекке шабу» деп аталатын әрекетке барған, ол үшін әскердің ішінен бірнеше батыр жауынгерлер өлген батырының денесін майданнан алып шығу үшін айқасқа шыққан, ал батыры жеңген жақтан бірнеше жауынгерлер оның денесін бермеуге тырысқан. Әсіресе, хандардың, атақты батырдың «сүйегі» үшін талас екі жақтан көп адам қатысқан кішкентай, бірақ қанды шайқас түрінде өткен.
Батырлар жекпе-жекке шығар алдында өз қаруластарынан жаудың қолынан өлген жағдайда денесін жауға қорлатпай, «сүйегіне шабуды» арнайы өтінетін болған. Жекпе-жекте өлген батырдың сүйегіне талас қазақтың тарихи жырларында да жиі суреттелетін оқиғалардың бірі. Өлген батырдың денесін жауға бермей алып қалу үшін екі әскердің ортасында айқасқа түсу – «сүйекке шабу» әрекеті жауынгерден жекпе-жекке шыққанмен бірдей батырлықты, ерлікті талап етті, сол себепті әркімнің жүрегі дауалай бермейтін бұл күреске де жүректі де, шебер жауынгерлер түсетін. Сондықтан оған барған батырлар да бүкіл әскердің құрметіне бөленді.
Орта ғасырларда соғыс кезіндегі батырлардың жауынгерлік жекпе-жегінің ғұрыптық аспекті де болды. Фольклорлық деректер ертеде батырлар жекпе-жек алдында арнаулы магиялық сөздік формулаларды айту арқылы «қаруды арбау» ырымын жасағанын көрсетеді. Қазақтың қаһармандық эпостарында кездесетiн батырдың қарумен серттесу сөздерi – әскери магиялық ырымдарда қолданылған жауынгерлiк қаруды арбау сөздерiнiң бiзге жеткен үлгiсi. Айқас алдында магиялық арбау сөз арқылы қарумен серттесуден кейiн қаруды қолдану әрекетінiң өзi магиялық әрекет болады да, магиялық арбау сөз бен магиялық әрекеттiң қосылуы арқылы жекпе-жек айқас магиялық ғұрыпқа айналады. Бұдан көшпелi халықтарда соғыстың маңызды сәтi болатын айқас – ғұрып ретiнде, ал қаруды қолданудың мақсаты қан төгу, адам өлiмi болғандықтан, батырлар жекпе-жегі нақтылы функциясы жағынан құрбандық ғұрпы түрiнде түсiнiлгенiн көруге болады. Осы ғұрыпта адам – ғұрыпты орындаушы да, онда құрбандыққа берiлетiн объектiнің өзi де болды, яғни ол екi функцияны бiрден атқарды. Ғұрыптық мақсат тұрғысынан келгенде жекпе-жек айқас – жауынгерлердiң ел үшiн, әміршісі үшiн құрбандыққа баруы, немесе жаудың жауынгерiн құрбандыққа шалуы, сол құрбандық арқылы құдіреттен, құдайдан майдандағы жеңiстi тiлеп алу.
Қазақ батырларының өз өмірін ел үшін құрбандық ретінде түсінуі қаһармандық эпоста да, жыраулар поэзиясында да анық көрініс тапқан. Жекпе-жектiң түпкi астарындағы жасырын мағынасы, сол магиялық-ғұрыптық мәнiнiң жұрнағы қазақ тiлiнде бүгінге дейін сақталған. Осы күнге дейiн соғыста өлген жауынгерлерге байланысты айтылатын «соғыста құрбан болды», «ел үшiн құрбан болды», «халық үшiн жанын құрбан ету» сияқты сөз тiркестерiнiң қолданылуы ғұрыптық салттың өзi ұмытылғанмен оның мағынасының тiлде көркем метафора түрiнде сақталып қалған белгiсi.
Танымал ағылшын этнологы Э.Б. Тэйлор әр тiлдегi осындай мағынасы күңгiрт, қызметi ұмытылған сөз тiркестерiнiң, көне сөздердiң халық санасында «этнографиялық естелiк» болып сақталған көне магия мен дiни сенiмдердiң қалдығы екенiн, сондықтан оларды тануға этнографиялық кiлт ретiнде қолдануға болатынын жазады. Жоғарыда айтылған сөз тіркестері, алғашқыда өмiрiн соғысқа арнаған кәсiпқой әскерилердiң ел үшiн соғыстағы құрбандығы түрiнде өтетiн ғұрыптық әрекетiне мағыналаса, кейiн өзiнiң бастапқы мағынасынан айырылып, соғыста өлген барлық адамдарға қатысты да айтылып, уақыт өте тек символдық мәнге ие болды.
Кейін қазақтарда жекпе-жектегі адам құрбандығын басқа құрбандық түрімен ауыстыруға тырысқан. Батыр жекпе-жекке шығар алдында арнайы құрбандыққа ақсарбас шалынып, дін иелері дұға оқып, айқасқа шығатын батырға хан, бас қолбасшы немесе жасы үлкен батыр бата беріп оның айқастан аман-есен оралуын тілеген.
Батырлар жекпе-жекке жақсы дайындалып, бес қаруын сайлап, берік сауыт, шарайналар киіп шыққан. Майдандағы жауынгерлік жекпе-жек батырлардан ер қаруының барлық түрін қолдану тәсілдерін шебер меңгеруді, жеке ұрыс жүргізудің түрлі әдіс-тәсілдері мен тактикасын игеруді талап ететін болғандықтан батырларға да, олардың жауынгерлік аттарына да жақсы әскери дайындық, тұрақты түрде жаттығу қажет болды. Сондықтан бейбіт уақыттарда әртүрлі бүкілхалықтық астар мен тойларда өтетін жамбы ату, бәйге, көкпар тартыс, аударыспақ, балуан күрес және жауынгерлік қарулармен өтетін жеке сайыс кәсіби әскерилер үшін осындай әскери жаттығулар қызметін атқарды.
Ертеде қазақтарда әртүрлі тойларда ұйымдастырылатын жекпе-жек сайыс та ер қаруының барлық түрімен өтті және сипаты жағынан майдандағы әскери жекпе-жекке жақын түрде болды. Мұндай сайыстарда адамның жарақат алуы, кейде өліп кетуі де болып отырған, сондықтан бұл сайысқа да бұрынғы кезде батырлар жауынгерлік сауытпен жарақтанып және бес қарумен толық қаруланып шығатын. Бұл сайыстардың әскери-қолданбалық мәнін жақсы түсінген ХIХ ғ.-дағы орыс авторлары оларды қазақтардың «рыцарлық ойындары»деп атаған.
Батырларға сайыс ер қарумен айқасу әдістерін меңгеруге жаттығу болса, ат үстіндегі күрес – аударыспақ, көкпар, жаяу күрес сияқты тартыстар батырларға қарусыз айқасуда жаттығатын дайындық түрлері болды. Ал бәйге, көкпар батырлардың жауынгерлік аттарын соғысқа дайындауға, жаттықтыруға мүмкіндік берді.
Қазақта елді шапқан жауға қарсы соғыстарда жекпе-жекте жеңіске жеткен батырлар әскердің, елдің ұранына айналып, жекпе-жекте қаза болғандардың есімдері өздері шейіт болған жерлерге қойылып, елі үшін басын бәйгеге тігіп, жанын құрбан еткен ерлер есімі киеленіп, осы күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа сақталып келеді.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.