From Wikipedia, the free encyclopedia
Жебе – жақ оғының, найза мен сүңгінің зақым салуға арналған негізгі конструктивтік элементі. Қарудың түріне және қызметіне қарай жебенің пішіні әртүрлі болып келеді. Бөлек жасалып сапқа орнатылатын басты конструктивтік элемент ретінде жебе жақтың оғында, найзада тас дәуірінен қолданыла бастады. Жебелерді жасауға әр кезеңдерде әртүрлі материалдар қолданылды. Тас дәуірінде жебе шақпақ тастан жасалса, кейін көшпелі халықтарда сүйектен, мүйізден, металдан (мыстан, қоладан құйылып, темірден соғылып) жасала бастады.
Өткен ғасырларда қазақтарда жақ оғының жебелері де сүйектен, мүйізден, ағаштан, металдан жасалған және жақтың оғының қолдану қызметімен ерекшеленетін бірнеше түрлері болды.
Найза, сүңгі жебелері де қазақтарда темірден, болаттан соғылып жасалған, бұл түйреу қаруларының жебелері ұңғылы болып соғылып, сапқа кигізіліп орнатылды. Сауытсыз қарсыласқа қолданылатын найзаның жебесі жалпақ, үшбұрыш немесе жапырақ пішінді болып соғылса, сауытты жауынгерге қарсы қолданылатын сүңгінің жебесі жіңішке, бірнеше қырлы болып соғылды.
Көне магиялық наным-сенімдерден (мысалы, сөз магиясына сенуден) туындап, кәсіби істе (соғыста, аңшылықта) қолданылған тілдік (лингвистикалық) тыйымдарға байланысты бұрынғы кезде «жебе» атауы жақтың оғының өзінің атауының орнына эвфемистік (жанама) атауы ретінде қолданылды. Яғни көне магиялық әрекеттің, метонимиялық қатынастарға негізделетін, «бөлігі бүтінді ауыстырады (Pars pro toto)» қағидасы бойынша бөліктің атауы бүтіннің атауына көшірілді. Кейін бұл эвфемизм көркем әдебиетте ауыспалы мағынада қолданылатын көркем сөздің (поэтикалық троптың) бір түрі – метонимия, синекдохаға айналып, халық ауыз әдебиетінде де «жебе» сөзі «садақтың оғы» деген мағынада қолданыла береді.
Көшпелі түркі-моңғол халықтарында жебдей ұшқыр, өткір болсын деп ер адамдарға Жебе есімін де қойған. Шыңғыс ханның ең сенімді төрт ноянының, атақты қолбасшыларының бірінің есімі Жебе болған. Жазбаша тарихи дерек көздерінде йисут тайпасынан шыққан, есімі Хиркутай болған бұл ноянға садақ атудағы аса мергендігі үшін бұл есімді Шыңғысханның өзі бергені айтылады.[1]
Жебе өзектен (желіден), қанатжалаушалардан, ұшынан және қалпақшадан тұрады. Өзек бір материалдан немесе желімдетіп (2-3 түрден) жасалады. Жебенің ұшы әруақытта алмалы-салмалы, әдетте металдан жасалған болады. Қалпақша да алмалы-салмалы жылдам алынып, салынып желімделіп жебемен жалғасады. Осы арқылы жебенің ұзақ қызмет етуі қамтамасыз етіледі. Қалпақшада бағыттаушы саңылау адырнаға қондыру үшін тереңдігі 5-6 мм. (5), ені 2,5- 3,0 мм ойық болады. Жебенің қанаты (жалаушасы) құс жүнінен (қыранның, қаздың, үнді тауығының) немесе жасанды материалдардан (пластмассадан) жасалып, тұрақтандыратын қызмет атқарады. Бағыттаушы қауырсынның бірі қалақшадағы адырна үшін жасалған ойыққа желімделеді және ашық түспен боялады.
Жебе бірнеше белгілер бойынша сұрыпталады: неге арналғандығына (аңшылық, спорт); жасалған материал бойынша (ағаштан, металдан, пластмассадан, аралас); формасы бойынша (цилиндрлі, конусты, сигар тәрізді); қанаты (қауырсын жалаушасы) бойынша: жалаушалардың саны бойынша (3-тен 6 данаға дейін); жалаушалардың материалы бойынша; жебе ұшы бойынша: спорттық (барлық уақытта металдан, цилиндрлі, үшкірленген); аңшылық (ағаштан, металдан, пластмассадан, пішіні мен қайралуы түрліше).
Жебеге қойылатын негізгі талаптар: түзулігі, қаттылығы, қауырсынының сапалылығы мен ерітінділігі, жеңілдігі (метал қалыпты жебе 20-25 г, ал ағаш жебе 30 г дейін болады және ауырлық орталығы дұрыс орналасуы тиіс (жебенің геометриялық орталығынан 5-10 см алда болады).
Жебенің ұзындығы шамамен мергеннің кеудесі мен алға шығарылған қолдың ортаңғы саусақтары ұшының аралығына тең болады.[2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.