![cover image](https://wikiwandv2-19431.kxcdn.com/_next/image?url=https://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/6/6c/Handsprit.jpg/640px-Handsprit.jpg&w=640&q=50)
Гигиена
From Wikipedia, the free encyclopedia
Гигиена (грек. hygіeіnos – дені сау) — денсаулықты сақтау, аурулардан алдын ала сақтану туралы ғылым; медицинаның бір саласы. Гигиена сөзі грекше hygіeіnos, яғни ол дені сау деген ұғымды білдіреді. Гигиена әртүрлі саладағы дәрігерлерді дайындауда маңызды орын алады, өйткені болашақ дәрігердің профилактикалық бағытта ойлау қабылетін қалыптастырады және гигиеналық, клиникалық пәндердің байланысы туралы ұғым береді.
![Thumb image](http://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/6/6c/Handsprit.jpg/640px-Handsprit.jpg)
![Thumb image](http://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/4/48/MNHandWashingNurse.jpg/640px-MNHandWashingNurse.jpg)
Қоршаған ортаның адам организміне (денсаулығына, оның еңбек ету қабілеті мен өмірінің ұзақтығына) тигізетін әсерін зерттейді; елді мекендерді таза ұстау, мұндағы адамдардың тұрмысы мен қызмет жағдайын жақсарту жөнінде түрлі нормативтер мен ғылыми талаптар, санитарлық шаралар жүйесін жасайды.[1]
Біздің заманымыздан бұрынғы 1500 ж. Мысырда, Хорезмде тазалық сақтау шаралары қолданылған. Адам денсаулығын жақсартып, нығайтатын – таза ауа мен су екенін сол кездің өзінде ежелгі грек дәрігері Гиппократ атап көрсеткен. Гиппократтың сол көзқарасын ортағасырлық ғұлама ғалым Әбу Әли ибн Сина жалғастырды. Оның әлемге әйгілі «Дәрігерлік ғылымның каноны» деген энциклопедиялық еңбегінде денсаулықты күні бұрын сақтап, дұрыс тамақтана білудің теориялық негіздері баяндалған. Сол кезде Үргеніш, Самарқан, Отырар, Тараз, т.б. қалаларда мал сою, сүт сату, балық сақтау, ауыз суды тазарту істеріне жергілікті билік органдары тарапынан бақылау жасалып отырған. Қазақ халқы ежелден денінің саулығын, тазалығын сақтап, дұрыс тамақтануға қатты көңіл бөлген. Қазақ жерінде тазалық сақтау туралы мағлұматтар да ертеден белгілі. Атап айтқанда 15 ғасырда жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық-анықтамалық қолжазбасында халық медицинасы, адамның он екі мүшесін күту (мысалы, тері, көз, т.б.), тазалық сақтау туралы мол мәліметтер келтірілген. Осындай мәліметтер, сондай-ақ Халел Досмұхамедұлының «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925), «Адамның тән тіршілігі» (1927) атты еңбектерінде айтылған.[2] Гигиена ғылымы эксперименталдық және клиникалық медицина, оның ішінде кәсіби аурулар мен жұқпалы ауруларды зерттейтін ғылыми бағыттарды, биология, химия, физика, климатология, т.б. ғылым салаларының жаңалықтары мен жетістіктерін пайдаланады. Гигиена саласындағы зерттеулерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау агенттігі, Профилактикалық медицина академиясы үйлестіріп отырады.[3]
Ғылым ретінде гигиена келесі міндеттерді алдына қояды:
- Сыртқы ортаның әртүрлі факторларының адам денсаулығы мен жұмысқа қабылеттілігіне әсерін зерттеу.
- Зиянды факторлардың жағымсыз әсерін төмендететін жалпы шараларды әзірлеу.
- Халықтың тіршілік жағдайының, еңбек пен білім алуының оңтайлы нормативтерін жасау.
- Денсаулық деңгейін жоғарылату, өмір сүруді ұзарту, халықтың шығармашылық потенциалын көтеру әдістерін қарастыру.
Гигиенаның басты мақсаты сырқаттың алдын алу (науқасты емдеу емес). Гигиенаның зерттеу нысаны дені сау адам, басқа медицина салалары науқас адаммен айналысады, яғни, емдеу медицинасының міндеті жеке адамдарға мамандандырылған емдеу–профилактикалық көмек көрсету болса, гигиенаның міндеті сау адамдардың жалпы контингентіне қатысты профилактикалық шараларды дайындау. Гигиенаның мақсаты жайлы (комфортты) өмір салтын, оңтайлы еңбек жағдайларын жасау жолымен сырқаттардың пайда болуын алдын алуды, жоюды мақсат етеді.