From Wikipedia, the free encyclopedia
Балтабек Байсұлтанұлы, Балтабек қажы (1860 ж. Жетісу облысы Лепсі уезінің Сергиополь округі, Тауқұм-Балқаш болысының №6 ауылы - 1921, Лепсі) - қазақ биі, қоғам қайраткері, қажы.
Найман таймасының Қаракерейден тараған Семізнайман тобының Қожан деген атасының ұлы.[1] Әкесінен 13 жасында жетім қалған. 14 жасқа дейін ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашқан. Өте қарулы, қайратты, жастайынан зерделі, зерек болып өскен. Бозбала жасынан Қожан ауылының билігіне араласып, ел көзіне ерте түседі. Кейін келе әділ би деген атағы Семіз Найман руынан асып, Арқа, Жетісу өңірлеріне кеңінен жайылады. Балтабек қажы Найман еліндегі айтулы үш шежірешінің бірі.
Оның шежіресінің түпнұсқасы Сәбит Мұқановтың жеке архивінен табылуы мүмкін. Ғабиден Құлахметовтың айтуы бойынша Сәбит Мұқанов 1957 ж. шежірені алғаны туралы Балтабек қажының ұлы Қодығұлға қолхат берген көрінеді. Балтабек қажы ұлт азаттығы жолында айтулы күрескер болды. Ол 1916 жылы Жетісу облысының Лепсі уезінің халқының патша әміріне мойынсұнбаған ереуілінің басында тұрды. Балтабек қажы толқудың тек өзі мекендеген өңір ғана емес, бүкіл қазақ даласына таралуына белгілі үлес қосты. Оған дәлел оның Балқаш көлі маңындағы қамыс арасында Торғайдан келген Әбдіғапар мен Кейкі батырдың жаушыларымен кездесуі. 1916 жылдың күзінде Балтабек қажы бір топ серігімен Лепсі түрмесіне қамалады. Патша тақтан құлаған соң, 1917 ж. 6 наурызда саяси тұтқындарды босату туралы арнайы Жарлық шығып, Балтабек қажы 10 наурызда босатылады. 1917 жылдың жазына қарай Уақытша Үкіметтің жүргізіп отырған саясатына қарсы халық Балтабек қажының маңына қайта топтаса бастайды. Кейін бұл әрекет жаңадан орнаған қызылдарға қарсылыққа да ұласты. «Торы ала атты Алаш полкі» деген атаумен тарихта қалған қарулы қазақ қосынын ұйымдастыру ісіне ат салысты. Атақты сазгер, әнші Әсет Найманбайұлы да Жүзағаш бекетінде аталған полк құрамына сарбаздар қабылдау комиссиясына мүше болған. Балтабек қажы күрескерлік жолының қай кезеңінде болмасын, өз әрекетін ұлттық мүддеге бағындырған. Оған жат көріністің қандайына болса ымырасыз күресті. Оның бұлтақсыз көзқарасы аққа да, қызылға да жақпады.
Алаштың ақтаңгер азаматы Балтабек қажы 1921 ж. жазда Лепсі қаласында сотсыз, тергеусіз атылады. Кеңестік ресми билік органдары Балтабек қажы туралы ауыз ашпаса да, жалпақ жұрт ардагер ұлын есінен шығармады. Әріп Тәңірбергенов, Адық Оралбаев, Тобағұл Мұсабаев сияқты ақындар Балтабек қажының тұлғасын сомдап құйды.[2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.