From Wikipedia, the free encyclopedia
Баллистика (немісшее Bаllіstіk, грекше ballo — лақтырамын) — жоғары математика, теориялық механика, газ, жылу динамикалары, жарылғыш заттар мен оқ-дәрі теориялары және т.б. ілімдерге сүйенетін әскери-техникалық ғылым.[1] Ол артиллериялық және реактивтік снарядтардың, миналардың, авиабомбалардың, ракеталардың, оқтардың, гарпундардың атылу, ұшу, құлдилау (әуеден тастау) кезіндегі қозғалыстарын зерттейді.[2]
Баллистика — ішкі баллистика және сыртқы баллистика болып бөлінеді. Ішкі баллистика оқ-дәрі оталғаннан кейін оқ, снаряд, мина т.б-лардың қару ұңғысындағы қозғалысы мен жану камерасында өтетін процестерді зерттейді. Ішкі баллистиканың негізгі салалары: пиростатика және пиродинамика, сондай-ақ, аралық баллистика мен оқ-дәрілі ракеталардың ішкі баллистикасы. Пиростатика белгілі бір тұрақты көлем ішінде оқ-дәрінің жану (оталу) және газдану заңдылықтарын, ал пиродинамика ату кезінде ұңғы (оқпан) ішінде өтетін процестерді және олардың арасындағы өзара байланыстық құбылыстарды зерттейді; ұңғының құралымдық сипаттары мен нысана көздеу шарттарын: қарулардың, ракеталардың, атыс құралдарының баллистикалық жобаларын белгілейді. Аралық баллистика процестердің кезеңдік салдарын, ал, оқ-дәрілі ракеталардың ішкі баллистикасы камерадағы оталған заттардың жану және газ бөліну, сондай-ақ, ракетаға әсер ететін күштердің пайда болу заңдылықтарын зерттейді.[3]
Сыртқы баллистика снарядтардың, миналардың, оқтардың, басқарылмайтын ракеталардың қару (қондырғы) ұңғысынан ұшып шыққаннан кейінгі қозғалыстарын, сондай-ақ ол қозғалыстарға ықпал жасайтын өзге де факторларды зерттейді. Сыртқы баллистиканың негізгі мәселелері: снарядқа ұшу кезінде әсер ететін күштер мен әр түрлі жәйттерді зерттеу; траектория элементтерін есептеу үшін снаряд массасы (салмағы мен инерциясы) орталығының қозғалысын, сондай-ақ, ұшу бағдары мен ауытқушылық сипаттарын айқындау мақсатында снаряд қозғалысын оның масса орталығына қатынасы арқылы зерттеу. Сыртқы баллистика осымен бірге атыс кестелері мен сыртқы баллистикалық жобаларды әзірлеу үшін мәліметтер алу әдістерін жасау және түзетпелер теориясы мәселелерін де қамтиды. Ерекше жағдайларда снарядтар қозғалысын сыртқы баллистиканың авиациялық баллистика, су асты баллистикасы, т.б. арнаулы салаларымен байланыстыра зерттейді. Баллистика ғылым ретінде 16 ғасырда қалыптасты.[4]
Баллистика жөнінде алғашқы еңбекті (“Жаңа ғылым” деп аталатын) 1537 жылы италиялық математик Н.Тарталья (1499 —1557) жазды. Кейін Б-ның әр түрлі мәселелерін Г. Галилей, Исаак Ньютон, Л.Эйлер, т.б. зерттеді. Италия физигі Э.Торричелли (1608—1647) және француз М.Мерсенн снаряд қозғалысы жөніндегі ғылымды “Баллистика” деп атауды алғаш рет 1644 жылы ұсынды. Әйтсе де, ежелгі соғыс құралдарының, соның ішінде садақтардың, жебелердің қолданылу орны мен ретіне қарай түрліше болып келуі баллистика заңдылықтарымен есептесудің көне замандардан бастау алатындығын көрсетеді.[5][6]
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.