From Wikipedia, the free encyclopedia
Артерия, (күретамыр, arteria; көне грекше: ar — ауа; көне грекше: terein — ішіндегі) — қанды жүректен алып шығып, дене мүшелеріне тарататын тасымалдаушы ірі қан тамыры; оттегімен байытылған қанды жүректен ішкі мүшелерге тасымалдайтын қантамырлар.
Артерия жүйесіне өкпе артериясы (балықтарда әкелу және шығару қызметін атқаратын желбезек артерия) қолқа және артериолаға дейінгі артерия тармақтары жатады. Артерия қабырғасы 3 қабаттан құралған. Сыртқы (адвентиция) дәнекер ұлпадан тұрады. Ол өте берік ішкі қысымға төзімді, сонымен қатар созылмалы қан тамырлары мен жүйке жүйесі жақсы жетілген. Ортаңғы қабаты тегіс бұлшық ет және созылмалы талшықтардан құралған. Оның жиырылып созылуы нәтижесінде артерия қуысы ұлғайып кішірейеді. Соның нәтижесінде ағзаларға келетін қан мөлшері реттеліп тұрады. Ең ішкі қабаты интима эндотелий мен дәнекер ұлпадан тұрады. Ол қан тамырларына қосымша беріктік береді. Адам артериясының диаметрі 0,4-2,5 см-қабырғасының калыңдығы 0,8-0,9 мм артерия жүйеде жалпы қан көлемі (орташа есеппен) 950 мл.[1]
Артерия арнасының диаметріне байланысты ірі, орташа және майда, ал ортаңғы қабығының құрылыс ерекшеліктеріне қарай эластинді, эластинді-етті және етті артериялар болып бөлінеді. Артерияның қабырғасы үш қабықтан: ішкі — интима, ортаңғы — медиа, сыртқы — адвентиция қабықтарынан құралған. Интима өз кезегінде эндотелий, эндотелийасты және ішкі эластинді жарғақ қабаттарынан тұрады. Ішкі эндотелий қабатын — негіздік жарғақта (базальдық мембранада) бірқабатта орналасқан тым жұқа да жалпақ, сопақ ядролы көпбұрышты эндотелиоциттер түзеді. Эндотелиоциттердің қан тамыры қуысына қараған ішкі беті плазмолемманы гликопротеид қабатымен астарланған. Гликопротеид қабаты қанның ұйымауын қамтамасыз етеді. Эндотелий асты қабатты гликозамингликандарға бай жіңішке талшықты борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды. Бұл қабатта зақымдалған эндотелиоциттерді қалпына келтіру қызметін атқаратын жас жүлдызша жасушалар, макрофагтар және жекеленген ет миоциттері кездеседі. Ішкі эластинді жарғақ эластин талшыктарынан тұрады. Медианы - артерия арнасының диаметріне байланысты: эластин жарғақтары мен талшықтары (эластинді артерияда), эластин талшықтары мен ет миоциттері аралас (эластинді-етті артерияда) немесе тек ет миоцитгері (етті артерияда) құрайды. Медиа мен адвентиция шекарасында сыртқы эластинді жарғақ орналасады. Адвентиция — борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.[2]
Қабырғаларының құрылысының ерекшеліктеріне байланысты артериялардың 3 түрін ажыратады: эластикалық, бұлшықетті және аралас (бұлшықетті-эластикалық). Жіктелуі артериялардың ортаңғы қабықшасындағы бұлшықет жасушаларының саны мен эластикалық элементтердің арақатынасына негізделген. Артериялардың қабырғасы үш қабықшадан тұрады: ішкі, ортаңғы, сыртқы.
Эластикалық типті артериялардың (arteriae elastotypica) ішкі қабықшасының құрамына эндотелий (endothelium), эндотелий асты қабаты (stratum subendotheliale) және эластикалық талшықтардың өрімі (plexus fibroelasticus) кіреді. Эндотелий – бір қабатты жазық эпителийдің бір түрі. Эндотелий асты қабаты тамыр қабырғасының қалыңдығының 15-20% құрайды, борпылдақ дәнекер тінінен тұрады. Орта және егде жастағы адамдарда жасушааралық затта холестерин мен май қышқылдары кездеседі. Эндотелий асты қабатынан кейін ішкі қабықшаның құрамында қалың эластикалық талшықтардың өрімі орналасады. Ортаңғы қабықша көп мөлшерде (50-70) ойықты эластикалық мембраналардан (membranae elasticae fenestratae) тұрады. Сыртқы қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Қолқаның сыртқы қабықшасында тамыр тамырлары (vasa vasorum) және жүйкелік бағандар (nervi vasorum) өтеді.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.