Ресейдің Батыс Сібір бөлігін, Моңғолияның батысын, солтүстігін, шығысын, оңтүстігін, Қазақстанның шығысын, Қытайдың солтүстік-батысын қамтитын тау жүйелері From Wikipedia, the free encyclopedia
Алтай, Алтай тау жүйесі — Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Ұзындығы батыстан шығысқа қарай 2000 км-ге созылып жатыр.
Алтай таулары | |
Сипаттамасы | |
---|---|
Пайда болған кезеңі |
Жоғарғы палеозой, юра, палеоген, неоген, антропоген |
Аумағы |
741 569 км² |
Ұзындығы |
2000 км |
Ең биік шыңы | |
Биіктігі |
4506 м |
Орналасуы | |
49°14′33″ с. е. 85°45′32″ ш. б.49.24250° с. е. 85.75889° ш. б. (G) (O) (Я) | |
Елдер | |
|
Алтай солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гобь шөліне дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солтүстік-шығыста Шығыс Алтайдың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады. Алтай таулары 4 мемлекеттің шекараласқан территорияларында орналасқан: Қазақстан (Кенді Алтай — Шығыс Қазақстан облысы), Моңғолия (Гобь Алтайы — Баян-Өлгей аймағы, Ховда аймағы, Алтай аймағы, Увс аймағы ) Ресей (Алтай өлкесі, Алтай Республикасы), Қытай (Шыңжаң-Ұйғыр аутономиялы өлкесінің, Алтай аймағы).
Алтайдың өзіне тән географиялық ерекшеліктері бар. Оның жоталары мен қыраттарының биіктігі, сондай-ақ олардың бағыттары жер бедеріне ерекше сипат береді. Алтайдың ең биік және қатты тілімденген жоталары Қатын, Оңтүстік және Солтүстік Шуй, Оңтүстік Алтай, Сарымсақты, Сайлүгім, Чихачев, т.б. Олардың орташа биіктігі 3000 м-ден асады. Мұнда альпі типтес жер бедері басым, Тау беткейлері өте тік, құзды, шыңды, шатқалды, жартасты келеді. Тау жүйесінің ең биік шыңы - Мұзтау (Ақсүмбі, Ақтайқы)(4506 м). Осы тұстан бастап таулар жан-жаққа қарай біртіндеп аласарады. Орташа биіктігі 1500-2000 м таулардың үсті жадағай, тегіс, тек кей жерлері ғана дөңес, ал беткейлері тік келеді (мыс., Шабанбай таулары, Қоржынтау (Холзун), Тегерек (Тигарец), Үлбі жотасы, Ануй жотасы, т.б.). Орталық және Оңтүстік Алтайдың басты жоталары мен тау тізбектері, негізінен, ендік бағытта, ал Батыс және Солтүстік тау жоталары оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай, кейбірі бойлық бағытта созылған. Алтай тауларына ұзын, кейде кең дала деп аталатын тектоникалық тауаралық ойыстар (Шүй, Қурай, Ойман, Абай даласы, Нарын даласы) мен үстіртті жазықтар тән (Үкөк, Ұлаған, Чулышман, Жайдақ, т.б.). Олар ел қоныстанып, мал жаюға өте қолайлы.
Алтай тауларының қазақстандық бөлігі геологиялық тұрғыдан 4 ауданға бөлінеді: Кенді Алтай, Таулы Алтай, Оңтүстік Алтай және Қалба жотасы. Олар Орал - Моңғол геосинклинальдық белдеміндегі қайта көтерілген тауларға жатады. Оның оңтүстік бөлігін Сібір платформасы құрайды. Таулы өлкенің іргетасы, негізінен, палеозой дәуірінде пайда болған терригенді, карбонатты және жанартаутекті метаморфтанған тау жыныстарынан түзілген. Кейбір тұсында интрузивті жыныстар жер бетіне шығып жатыр. Алтайдан палеозой құрылымының іргетасы болып саналатын жоғарғы протерозойдың тақтатастары, кварциттері кейбір антиклинорийлер мен горсттер (Қатын, Теректі жоталары) кұрамынан табылды. Жоғарғы палеозой, юра, палеоген, неоген, антропоген кезеңдерінде пайда болған, құрамында қазба көмірі бар континенттік жыныстар бірен-саран тауаралық ойыстар мен грабендер де (Шыңғыстай, Голубовка ауылдары маңында, Құрай даласы, Көкпекті, Кіші Бөкен, Үлбі өзендерінің бойында) кездеседі. Ең көне, ерте каледондық құрылымдар Алтайдың шығысын алып жатыр. Бұл құрылымдық процесс орталық Алтайда ордовик пен силурде, ал оңтүстік-батыс Алтайда төменгі тас көмір кезеңінде аяқталды. Осы кезде (негізінен, блоктық өте қуатты тектоникалық козғалыстар нәтижесінде) интрузив жыныстары пайда болған. Онда қорғасын, мырыш, мыс, темір, алтын, күміс, вольфрам, молибден, қалайы, тантал, ниобий, сынап, т.б. металдык кентастар, тас көмір, қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар, асыл және әшекей тастар, құрылыс материалдары мол. Бұлардың ішінде аса маңыздысы Шығыс Қазақстанның түсті металлургия базасын құрайтын полиметалл кентастары.
Алтайдың климаты тым континентті. Қысы суық әрі ұзақ. Қаңтар айының орташа температурасы тауаралык ойыстарда 27—30°С, тау етектері мен жазық жерлерінде - 13-16°С. Ең суық орташа температура Марқакөл көлінің маңында (-27,6°С). Алтайдың ең жылы шілде айының орташа температурасы 18-20°С, ал 1000-1500 м биіктікте ол 14—16°С-тан аспайды. Ең жоғары температура Зайсан қазаншұңқырында (40°С-қа дейін). Жер биіктігі артқан сайын, температура инверсиясының нәтижесінде, қысқы температура төмендеп отырады. Сондықтан тауда қыста жылы, жазда салқын, далалар мен жазықтарда қыста суық, жазда ыстық болып келеді. Ылғалды, желге ашық жатқан Батыс және Солтүстік-шығыс Алтайда жауын-шашын мөлшері 1200 мм-ге жетеді (кей жерлерде 2000 мм). Алтайдың шығысы мен оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері 200-300 мм (Шүй даласында 100 мм), ал Зайсан қазаншұңқырында 150 мм шамасында. Жауын-шашын, көбінесе, көктем мен күз айларында жауады. Өзен бойы мен тауаралық ойыстарды қуалай соғатын тұрақты жел жазда сирек байқалады. Қыста батыстан суық әрі қарлы-боранды "құбыла желі", оңтүстіктен жылы "Алтай желі" соғады. Ауа райы Алтайда "құбыла желінен" кейін ашық, аязды болып келсе, "Алтай желінен" кейін бұлтты әрі жылы болып, қар жауады.
Алтайда өзен де, көл де көп. Олар басын таудағы қар суынан, мұздықтардан алады. Ең үлкені - Ертіс. Оған Кендірлік, Күршім, Бұқтырма, Үлбі, Үбі, т.б. өзендер кұяды. Ертіс бойында Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі электр стансалары салынған. Олар бүкіл Шығыс Қазақстанға жәнe республиканың басқа жерлеріне электр қуатын береді. Шағын өзендер көп. Олардың ішінде Ақ Берел, Тұрғысын, Березовка, Көкпекті, Кіші Үлбі, Қалжыр, Қалғұты, Ұлан, Білезікті, Қызылсу, Алқабек, Аққаба, Қайыңды, Бөкен, Бұлғын т.б. өзендерді атауға болады. Олар Ертіске, Бұқтырмаға, Нарын мен Күршімге құяды.
Алтай көлге де бай. Бұқтырма, Зайсан, Тұранғыкөл, Марқакөл, т.б. көлдердің ауданы 1 км2-ден асады. Көлдердің ең үлкені - Зайсан (ауданы 5510 км2), Марқакөл (ауданы 455 км2). Марқакөл тектоникалық қазаншұңқырда орналасқан.
Қазақстандық Алтайдың тауларында 328 мұздық бар. Олардың жалпы ауданы 89,6 км2. Мұздықтар негізінен 2600 м-ден жоғары тау биіктіктерінде жатады. Олар Қатын, Холзун, Иванов, Оңтүстік Алтай, Сарымсақты тау жоталарында көбірек сакталған.
Мұзтау - Алтай тау жүйесінің Ресей және Қазақстан жеріндегі ең биік шыңы (4506м). Қатын жотасының шығыс жағын ала, Қазақстан мен Алтай өлкесінің (Ресей) әкімшілік шекарасы маңында жатыр. Ұшар басында Үлкен, Кіші Берел, Меңсу, т.б. мұздықтары бар, бұлардан Қатынсу өзені бастау алады. Мұзтауды қазақтар Ақсүмбі, Ақтайқы деп атаса алтайлықтар Үч сумер деп атайды. Алтайдың Мұзтаудан кейінгі екінші биік шыңы - Бесбоғда теңіз деңгейінен 4374 м биікте, Қытай мен Моңғолия шекарасында орналасқан. Үшінші биік шыңы теңіз деңгейінен 4362м биіктегі Мөнххайрхан тауы.
Алтай тауларының табиғатына оның алып жатқан географиялық орны үлкен әсер етеді. Оңтүстік-батыстағы аласа тау беткейлерінде ылғал аз түседі. Сол себептен оның батыс бөлігіндегі тауларға ылғал молырақ түседі. Солтүстік-батыстың биік белдеулері дала зонасынан (1600-1800 м) басталады да, оңтүстік-батыста Зайсан қазаншұңқырына қараған жағы шөлейт зонаға (900-1100 м) кіреді. Ол екеуінің шекарасы Бұқтырма өзенімен жүреді. Далалық тау беткейлерінен жоғары орманды таулар (2100-2300 м), шалғынды альпілік белдеуі (2500-2600 м) жәнө биік шыңдағы мәңгі қар жататын белдеу (2600 м-ден жоғары) өтеді. Орман алқаптарында май қарағай, бал қарағай, шырша, самырсын өседі. Тау жоталарындағы шалғында мал жайылады, омарта шаруашылығы дамыған. Ең жоғарғы белдеу таулы тундрадан, жалаңаш тау басындағы қар мен мұздықтардан тұрады. Тау етегі мен аласа таулар кұнарлы кара топырақты келеді, онда дала зонасының өсімдіктері (боз, бетеге және т.б.), шөлейт зонада сортаң өсімдіктер өседі. Тоғайларда итмұрын, қарақат, жидек, тау аралық аудандарда күлгінді тарғақ шөп, қоңырбас, т.б. шөп тектес өсімдіктер шығады.
Алтай өлкесі аңға бай. Орманда бұғы-марал өсіретін шаруашылықтары бар. Тағы аңдардан аю, жабайы шошқа, бұғы, таутеке, қар барысы тіршілік етеді. Бұлғын, қаракүзен, ақкіс сияқты терісі бағалы аңдар жиі ұшырайды. Су тышқаны, жанат тәріздес ит жерсіндірілген. Құстардан меңіреу құр, шіл, кекілік, тоқылдақ, ұларлар кездеседі.
Шығыс Қазақстанның әдемі табиғаты мен сирек кездесетін аңдарын, өсімдіктерін қорғау мақсатында 1976 жылы Марқакөл қорығы ұйымдастырылған. Қорықта Алтайдың тау алды даласы, бал қарағайлы, шыршалы ормандары, әсем табиғаты қорғауға алынған.
Рахман қайнары - шипалы жылы су көзi, Оңтүстік Алтайдың кішкене тектоникалык ойпатында Арасан курорты жағасында теңіз деңгейінен 1750 м биікте орналасқан. Айналасын биік тау,орман қоршаған табиғаты өте көрікті жер.
Шығыс Қазақстан - еліміздегі негізгі ағаш даярлау, ағаш өңдеу шаруашылығының орталығы. Орман оның басты байлығының бірі болып табылады. Бірақ кейінгі жылдары осы байлықты ысыраппен пайдалану, ағашты бақылаусыз кесу және өрттің жиі болуы орман алқаптарын азайтып барады. [1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.