Тиранозавр
From Wikipedia, the free encyclopedia
Тиранозавр Рекс (лат. Tyrannosaurus - "зұлым (тиран) кесіртке", лат. rex - "патша") — етқоректі ең үлкен динозавр-теропод. Солтүстік Американың батыс бөлігінде, Ларамидия аралын мекендеген. Тиранозаврлардың қазба қалдықтары Бор дәуірінің маастрихт ғасырының геологиялық қабатынан табылған (шамамен 70,6—66,043 миллион жыл бұрын). Мезозой эрасының соңына дейін тіршілік еткен тиранозавр кесірткежамбасты динозаврлардың соңғы түрлерінің бірі болған.
Тиранозавр - бассүйегі ірі, екі аяқты жыртқыш жануар. Ұзын және ауыр құйрығы тепе-теңдік сақтау қызметін атқарған. Үлкен әрі күшті артқы аяқтарымен салыстырғанда, тырнақты екі саусағы бар алдыңғы аяқтары кішірек, бірақ мықты болған. Тероподтардың ішіндегі ең ірі өкілі және Жер тарихындағы құрлықты мекендеген ең ірі жыртқыштардың бірі. Мамандардың болжауынша Сью есімді тиранозаврдың биіктігі шамамен 12,3—12,8 метр, ал салмағы 8,4—9,5 тонна болған. Тиранозавр гадрозаврларды, цератопстарды, тіпті завроподтарды аулаған болуы мүмкін, сондай-ақ ол өлекселермен де қоректенген.